Домойhantengrigazeti.kz ақпаратЖас боксшылардың облыстық бәсекесі өз мәресіне жетті

Жас боксшылардың облыстық бәсекесі өз мәресіне жетті

Спорт – жас ұрпақты тәртіпке, табандылыққа және жігерлілікке тәрбиелейтін маңызды құралдың бірі. Әсіресе, бокс секілді күш пен төзімділікті ғана емес, жоғары жауапкершілік пен мықты мінезді талап ететін спорт түрін жастар арасында кеңінен насихаттаудың маңызы зор. Осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы ретінде ауданымызда жасөспірімдер арасында бокстан облыстық чемпионат өз мәресіне жетті.    

Райымбек ауданы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде Алматы облысының былғары қолғапты серік еткен жас спортшылары бас қосқан чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі өткен болатын. Жарыстың ашылу салтанатына ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Садықов, Райымбек ауданының коммуналдық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Динара Акимханова және «Бұқаралық спорт клубы» КММ-нің бас маманы Ұлан Рахымғалиев қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.

Биылғы чемпионатқа облыстың 12 командасынан 204 спортшы қатысты. Шаршы алаңда 2011-2012 жылдары туған жасөспірімдер 42, 44, 46, 48, 50, 52, 54, 57, 60, 63, 66, 70, 75, 80 және +80 келі салмақ дәрежелері бойынша бақ сынады. Бірнеше күнге созылған тартысты чемпионатта барлығы 15 алтын, 15 күміс және 30 қола медаль – жалпы 60 жүлде сарапқа салынды.

Былғары қолғап бәсекесінде “Жігер” мамандандырылған спорт мектебінің командасы 2 алтын, 3 күміс, 5 қола медальмен барлығы 10 жүлде иеленіп, 1 орынды қоржындарына байлады. “Жекпе-жек” мамандандырылған спорт мектебі  командасының қоржынында 3 алтын, 2 күміс, 3 қола, барлығы 8 медаль иеленіп, 2 орынға жайғасты. Ал Еңбекшіқазақ ауданының  командасы 2 алтын, 4 күміс, 5 қола медальмен жалпы 11 жүлде еншілеп, жүлделі 3 орынға ие болды. Талғар ауданы  командасы 2 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль алса, Қарасай ауданының  спортшылары 2 алтын және 2 қола медальға ие болды. Іле ауданы командасы 1 алтын, 4 күміс және 2 қола жүлде жеңіп алды. Кеген ауданының жас боксшылары  1 алтын және 1 күміс медаль иеленді. Сонымен қатар, Райымбек ауданының  командасы 1 алтын, 1 қола, Жамбыл ауданы  командасы 5 қола, Қонаев қаласының спортшылар  командасы 3 қола, ал Балқаш ауданы командасы 1 қола медаль иеленіп, облыстық чемпионатты нәтижелі қорытындылады.

Облыстық чемпионатта ауданымыздың намысын қорғап, жеңіс туын көтерген Бекбосын Алихан 44 кг салмақта, 1 орынды қанжығасына байлап, алтын иеленсе, Мақсатұлы Батыр 63 кг салмақта 3 орынды иеленіп қола жүлдеге ие болды. Жасөспірім шағында өз қатарластарынан оза шапқан қос жеңімпаздың болашағынан аудан тұрғындары зор үміт күтеді.

Жарыс барысында жас былғары қолғап шеберлері өздерінің физикалық дайындығы мен техникалық шеберлігін көрсетіп, жеңіс үшін бар күш-жігерін салды. Бұл чемпионат – жас спортшылардың тәжірибе жинақтап, өз мүмкіндіктерін сынауына және болашақта биік белестерді бағындыруына жол ашқан маңызды дода ретінде тарих беттерінде қалмақ.

Ақерке БИЖАН,

Нарынқол ауылы

Жаңалықтар