Алматы облысында әлеуметтік желілер арқылы тауар сатып алу кезінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері түсіндірілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ермек Әбікенов айтты.
Спикердің айтуынша, бүгінде Instagram, TikTok, WhatsApp және басқа да әлеуметтік желілер арқылы сауда жасау кең таралған. Алайда мұндай сатып алулар кезінде тұтынушылар алаяқтарға алдануы жиі кездеседі.
– Ең алдымен сатушыны тексеру қажет. Төлем жасамас бұрын жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның атауын, ЖСН/БСН-ын, мекенжайы мен байланыс деректерін сұратқан жөн. Әлеуметтік желідегі парақша атауы немесе телефон нөмірі сатушының жеке басын толық растамайды, – деді Ермек Әбікенов.
Сондай-ақ тұтынушыларға сатушымен жазысқан хаттарды, тауардың бағасы мен сипаттамасын, жеткізу және қайтару шарттарын, төлем түбіртегі мен чекті сақтау ұсынылады. Бұл құжаттар дау туындаған жағдайда сатып алу фактісін дәлелдеуге көмектеседі.
Департамент өкілі алдын ала төлем жасау кезінде де сақ болуға шақырды. Егер сатушы ақшаны басқа адамның картасына немесе шотына аударуды сұраса не өзі туралы толық ақпарат беруден бас тартса, мұндай сатып алудан бас тартқан дұрыс.– Егер тауар сапасыз болып шықса немесе сатушы өз міндеттемесін орындамаса, тұтынушы оған жазбаша шағым жолдап, өз талабын нақты көрсетуі қажет. Мәселе өзара келісіммен шешілмеген жағдайда аумақтық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінуге болады. Ал алаяқтық белгілері байқалса, құқық қорғау органдарына хабарласу қажет, – деп қорытындалады Ермек Нұрқайымұлы. Брифинг қорытындысында мамандар әлеуметтік желілер арқылы сауда жасайтын азаматтарды сақтық шараларын естен шығармауға шақырды. Сатушы туралы мәліметті алдын ала тексеру, чек пен хат алмасуды сақтау, төлем деректерін жоғалтпау – тұтынушының өз құқығы мен қаражатын қорғаудағы негізгі тетіктердің бірі.

