Дауыс беру кезінде сайлаушы нені білуі керек?
Құрылтай депутаттарының сайлауы жақындаған сайын дауыс беру рәсіміне қатысты нақты тәртіпті білу де маңызды. 2026 жылғы 23 тамызда өтетін сайлауда азаматтар партиялық тізімдер бойынша дауыс береді.
Құрылтай депутаттарын сайлау біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша өткізіледі. Құрылтай құрамына партиялық тізімдер арқылы 145 депутат сайланады. Депутаттар бес жыл мерзімге өкілеттік алады. Сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады.
Бұл сайлаудың ерекшелігі – сайлаушы бюллетеньнен жеке кандидаттың есімін таңдамайды. Дауыс беру партиялық тізімдер бойынша жүргізіледі. Яғни бюллетеньде сайлауға қатысатын саяси партиялардың атаулары көрсетіледі.
Орталық сайлау комиссиясының жеребе нәтижесіне сәйкес, бюллетеньдегі партиялардың реті мынадай: 1 – «Әділет» партиясы, 2 – Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, 3 – «Байтақ» жасылдар партиясы, 4 – Қазақстан халық партиясы, 5 – «Ауыл» партиясы, 6 – «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы, 7 – «Respublica» партиясы. Сонымен қатар бюллетеньде «Бәріне қарсымын» деген нұсқа болады.
Дауыс беру құқығы Қазақстан Республикасының 18 жасқа толған азаматтарына беріледі. Сайлаушылар тізіміне азаматтың тиісті сайлау учаскесінің аумағында тұрақты тіркелуі негіз болады. Сайлаушының өзі туралы мәліметтерді алдын ала тексеруіне мүмкіндік қарастырылған.
Дауыс беру күні сайлаушы өзінің жеке басын куәландыратын құжатын ұсынады. Учаскелік сайлау комиссиясы сайлаушының тізімдегі деректерін тексергеннен кейін оған бюллетень береді. Дауыс беру арнайы кабинада жасырын түрде жүргізіледі.
Сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтар үшін де заңнамада белгілі жағдайларда дауыс берудің балама тәртібі қарастырылған. Денсаулық жағдайына, отбасының сырқат мүшесіне күтім жасауға немесе шалғай, қатынасу қиын жерде болуына байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтар үй-жайдан тыс жерде дауыс бере алады. Ол үшін 23 тамыз күні сағат 12:00-ден кешіктірмей учаскелік сайлау комиссиясына жазбаша өтініш беру қажет.
Сайлау процесінің ашық әрі түсінікті болуы үшін азаматтардың өз құқықтары мен дауыс беру тәртібін алдын ала білуі маңызды. Бюллетеньдегі партиялардың орналасу реті, сайлаушының тізімдегі мәртебесі және дауыс беру орны туралы ақпарат ресми сайлау органдарының ресурстарында жарияланады.

