Домойhantengrigazeti.kz ақпаратҒылым мен білім – кемел келешекке нық қадам

Ғылым мен білім – кемел келешекке нық қадам

Бүгін Райымбек ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай, Қақпақ ауылында Алматы облысының білім басқармасы мен жоғарғы оқу орындары арасындағы Меморандум жоғары дәрежеде ұйымдастырылып, өткізілді. “Ғылым мен білім-кемел келешекке нық қадам” тақырыбын арқау еткен ғылыми конференцияға ауданымыздан шыққан ғалымдар мен аудан мектептерінің оқушылары, ұстаздары қатысты. Ғылыми басқосу барысында Қақпақ ауылдық мәдениет үйінің кіре берісінде, аудан оқушыларының ғылыми жетістіктеріне негізделген көрме, қонақтар назарына ұсынылды. “Stem және робототехника болашақтың кілті” және “Экожүйе және тірі табиғат” бағыттары аясында оқушылардың өнертабыстары қонақтар назарына ұсынылып, кең талқыға салынды. Меморандумның ресми бөлімінің алғашқы сөз кезегін, Құдабаев Дастан Сұлтанмұратұлы алып, осынау игілікті іс-шараға келген қонақтарға ыстық лебізін білдіріп, аудандағы білім мен ғылым жаңалықтарынан хабардар етті. Алматы облысы білім басқармасының басшысы Қайрат Ізбасарұлы Жұманов кезекті сөз кезегін алып, ғылыми басқосудың маңызын тілге тиек етті. Ауданымыздан шыққан игі жақсылар-ғалымдар мен білім саласының алыптарының ішінде алғаш сөз кезегін алып, ғибратты әңгімесімен баураған -академик, Мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, Әділ Құрманжанұлы Ахметов ғалымдар көшін бастап, туған жерге ат басын бұрып, өз өмір жолындағы білім мен ғылым игіліктерін сөз етті. Әділ Құрманжанұлының ғибратты әңгімесі өзге де ғалымдардың болашақ жастарға айтар тұжырымды ойлары мен ақыл кеңестеріне ұласты. Ғылыми конференцияның екінші бөлімінде ғылым жолында елеулі еңбек етіп жүрген адуынды ғалымдар түлектермен арнайы сыныптарда кездесіп, өзара ашық, еркін диалог құрып, үлкен өмірге аяқ басқалы тұрған жасөспірімдерге мамандық таңдау жолында бағыт-бағдар беріп, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.Сондай-ақ, Алматы облысы білім басқармасының басшысы Қайрат Ізбасарұлы мен Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры, жерлесіміз, Кәрімова Бейбітгүл Сәрсемханқызы Меморандумға қол қойып, үлкен істің басын қайырды. Осылайша, аядай ауылда үлкен мақсаттар талқыланған, биік жоспарлар құрылған, кілең өресі биік азаматтар бас қосқан салиқалы, ғылыми жаңалықтарға толы іс-шара ойдағыдай атқарылып, аудан абыройын асқақтатты.

Ақерке БИЖАН

Жаңалықтар