Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан Халқына Жолдауларында және Ұлттық құрылтай отырыстарында «Заң мен тәртіп» қағидатын Әділетті Қазақстанды құрудың басты тірегі ретінде айқындап келеді. Осы бағытта Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 1 сәуірдегі қаулысымен «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдама» қабылданды. Аталған құжат қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, азаматтардың заңға деген құрметін арттыруға және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.Заң үстемдік құрған қоғамда тұрақтылық, әділдік пен даму болады. Сондықтан заң мен тәртіп тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Мемлекет пен қоғамның өзара сенімі, азаматтардың құқықтық сауаттылығы және ортақ жауапкершілігі еліміздің одан әрі өркендеуінің маңызды кепілі болып табылады. Соңғы жылдары елімізде құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайту бағытында ауқымды реформалар жүзеге асырылды. Конституциялық Сот құрылып, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының мәртебесі күшейтілді. Бұл өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге және қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын нығайтуға мүмкіндік берді. Құқықтық мәдениет – заңдарды білу ғана емес, оларды құрметтеу мен сақтау. Қоғамда заңға бағыну мәдениеті қалыптасқанда ғана құқық бұзушылықтардың алдын алуға болады. Бүгінде елімізде қылмыс деңгейінің төмендеу үрдісі байқалғанымен, интернет-алаяқтық, киберқылмыс, жалған ақпарат тарату секілді жаңа қауіп-қатерлер пайда болуда. Сондықтан азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру бұрынғыдан да өзекті. Райымбек ауданында да заң мен тәртіп қағидаттарын нығайтуға бағытталған жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Құқық қорғау органдарымен, білім беру мекемелерімен, қоғамдық ұйымдармен бірлесіп құқықтық түсіндіру шаралары, жастармен кездесулер, профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Әсіресе жас ұрпақтың құқықтық санасын қалыптастыруға ерекше назар аударылып келеді.Бүгінгі таңда құқықтық тәрбие отбасынан басталып, мектепте жалғасуы тиіс. Баланың бойына адалдық, жауапкершілік, тәртіп пен заңға құрмет сияқты құндылықтарды сіңіру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Себебі ертеңгі қоғамның келбеті бүгінгі тәрбиеден қалыптасады. Заң мен тәртіп идеологиясын қалыптастыруда мемлекеттік органдардың ашықтығы мен халық алдындағы есептілігі де маңызды рөл атқарады. Азаматтар мемлекеттік қызметтердің әділ әрі сапалы көрсетілетініне көз жеткізген сайын қоғамдағы сенім деңгейі де арта түседі. Ал сенім – тұрақты дамудың негізі.Заңды құрметтеу – өркениетті қоғамның белгісі. Әр азамат өз құқығын біліп қана қоймай, өз міндеттерін де адал орындауы қажет. Заң мен тәртіп – тек мемлекеттік саясаттың бағыты ғана емес, ол әрқайсымыздың өмірлік ұстанымымызға айналуы тиіс. Сонда ғана біз Әділетті Қазақстанды құру жолында нақты нәтижелерге қол жеткіземіз.
Дидар Нұрболұлы Мухаметжанов,
Райымбек ауданы әкімінің орынбасары

