-5.6 C
Нарынкол
spot_img
ДомойМәдениет | КультураАУДАНЫМЫЗДАН ТАҒЫ БІР ОРАЗАЛЫ ШЫҚҚАЛЫ ТҰР

АУДАНЫМЫЗДАН ТАҒЫ БІР ОРАЗАЛЫ ШЫҚҚАЛЫ ТҰР

Жуырда Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған республикалық ақындар айтысы күні бүгінге дейін ел аузында. Айтыста ерекше көзге түсіп, көптің таңдайын қақтырған, Алматы облысы ақындарының таныстыруын жырлаған Ершат Кәмілжанұлын да ешкімнің ұмытпағаны анық.

“Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу”. Бұл дана халқымыздың болар баланың болашағына қатысты берік ұстанымдарының бірі. Белін буып, келешегінен зор үміт күттіретін жас талант Сарыжаз ауылының тұрғыны — Ершат Кәмілжанұлы.  Ершат Кәмілжанұлы 2011 жылы маусым айының 17 жұлдызында Алматы қаласында дүниеге келген. Анасының айтуынша, Ершаттың өнерге жақындығы кішкентай кезінен-ақ көрініс берген, өз жұрты да, нағашы жұрты да өнерден алыс емес көрінеді.  Ершаттың отбасы осыдан бірнеше жыл бұрын Сарыжаз ауылына қоныс аударған, Ершат Кәмілжанұлы бүгінде Сарыжаз ауылындағы Алтынбек Сәрсенбаев атындағы орта мектептің 8 сынып оқушысы.

Ершат болашақта дәстүрлі әнші болуды армандайды. Асқақ арманына жетуге Ершаттың талабы зор. Ершат қатыспаған республикалық, облыстық, аудандық  жыр сайыстары, ән байқаулары кемде кем. Баласының ерекше дарынын байқаған анасы Ершатты кішкентайынан жарыстарға жетелейтін де жүретін. Ал оны өнерге баулып жүрген өнердегі ағасы, ұстазы, дәстүрлі әнші, ақын, Темірбек Жүргенов академиясының түлегі  Алмас Қияс мырза. Алмас Қияс мырзаның есімі де аудан тұрғындарына біршама таныс. Ауданымыздың мәдениет саласына елеулі еңбек сіңіріп жүрген жандардың бірі. Алмас мырза бүгінде Сарыжаз ауылдық мәдениет үйінің директоры. Ершат Кәмілжанұлы — Алмас мырзаның төл шәкірті. Өнердегі өнегелі жолын енді бастаған жасөспірімнің мақсаты биік, талабы жоғары. Ұстазы Алмас Қиясұлы да шәкіртінің келешегінен зор үміт күтеді. Екеулеп алар асуларының көптігіне сенімді.

“Жігітке жеті өнер де аз” демекші, Ершат тек өнер саласында олжалы емес. Қазақтың қара домалақ Ершаты аттың құлағында ойнап, бәйге шабады. Волейбол ойынының шебері. Мінезі жайдары, аңқылдаған ақкөңіл жан. Бірқатар  байқауларда бой түзеп жүрген Ершаттың Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойындағы республикалық ақындар айтысында көрсеткен өнері тым бөлек. Құлақтың құрышын қандырған әуезді үні мен қайратты жырлары отырғандардың бойына ерекше рух сыйлап, таңырқауларына себеп болды. 

Ершаттан, “өнер жолындағы үлгі тұтарлық тұлғаң кім?” деп сұрағанымызда, іркілместен, Оразалы Досбосыновтың есімін атады. Ауданымыздан шыққан ақындық өнердің майталманы, марқұм Оразалы Досбосыновтың жолын қуса, адаспасы анық. Өсе бер, Ершат. Ауданымыздан тағы бір      Оразалының шығуы-өнер талабы, уақыт талабы!

Ақерке НҰРӘЛІМҚЫЗЫ

Жаңалықтар