2025 жылы Алматы облысы бойынша Тексеру комиссиясы мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылауды жүйелі түрде жүргізіп, өткен жылы 333,6 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты аудитпен қамтылып, мемлекеттік ресурстарды пайдаланудың сапасын арттыруға нақты ықпал ететін қорытындылар жасалды. Бұл туралы Алматы облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Болат Есжанов баспасөз мәслихатында айтты.
«Есепті кезеңде 17 аудиторлық және сараптамалық-талдау іс-шарасы жүргізіліп, 121 мемлекеттік аудит объектісі қамтылды. Аудиттің негізгі бөлігі жергілікті бюджет қаражатына бағытталып, әлеуметтік маңызы бар салалардағы қаржының мақсатты әрі тиімді жұмсалуына басымдық берілді. Бұл өз кезегінде өңірлік басқару жүйесін жетілдіруге және қаржылық тәртіпті нығайтуға мүмкіндік берді»,-дейді Алматы облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Болат Есжанов.
Аудит нәтижесінде бюджет қаражатын пайдалану мен жоспарлау сапасын арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар мен түзету шаралары айқындалды. Қалпына келтіруге жататын 64,1 млрд теңгенің 62,7 млрд теңгесі өндіріліп, бюджетке қайтарылды. Бұл – мемлекеттік аудиттің нақты нәтижесі мен оның тиімділігін көрсететін маңызды көрсеткіш.
Тексеру комиссиясының жұмысы облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық салаларын қамтыды. Атап айтқанда, білім беру сапасын арттыру, спорт инфрақұрылымын дамыту мен т.б. Жүргізілген аудиттер салалық басқару шешімдерін жақсартуға және бюджеттік бағдарламалардың нәтижелілігін арттыруға негіз қалады.
«Есепті кезеңде берілген 20 ұсынымның 16-сы толық орындалды, ал қалғандарының орындау мерзімі белгіленген кестеге сәйкес жалғасуда. Сонымен қатар, 62 тапсырманың 38-і орындалып, қалған тапсырмалар уақытында іске асырылу сатысында тұр. Бұл мемлекеттік аудит нәтижелерінің нақты жүзеге асырылып жатқанын және жауапты мемлекеттік органдардың өзара тиімді жұмысын көрсетеді»,-деп түйіндеді Болат Есжанов.
Алматы облысында мемлекеттік аудит нәтижесінде 62,7 млрд теңге бюджетке қайтарылды

