-3.5 C
Нарынкол
spot_img
ДомойЖаңалықтар | НовостиМАЛДЫҢ ЖАЙЫН БАҚҚАН БІЛЕДІ

МАЛДЫҢ ЖАЙЫН БАҚҚАН БІЛЕДІ

Қазақ халқы төрт түлікті тұрмысының тағаны, өмірінің өзегі ретінде аса қадірлеген. Ауыл — ел бесігі. Әр қазақтың алтын қазығы, терең тамыры ауылмен байланысты. Сондықтан, мал шаруашылығы елдің экономикалық өсіміне, халықтың әл ауқатының артуына ықпал етеді. Әсіресе таулы аймақты ата мекенге айналдырған біздің ауданымыздың халқының күн көріс көзі ауылшаруашылығы саласымен тығыз байланысты.

Қар кешіп, мұз төсенген қаһарлы қыста немесе шіліңгір шілденің аптабына қарамастан әр түлікті мейіріммен бағып-қағып, жайлы жағдай жасайтын ең төзімді әрі ерекше еңбекқор жандар да біздің ауданның тұрғындары десек артық айтқандық емес.

Аспантаулардың етегін төрт түлігіне өріс қылып жүрген еңбекқор жандардың бірі нарынқолдық Стамбеков Тоғанбай Өтегенұлы. Тоғанбай Өтегенұлы 1952 жылы өмірге келген. Жары Гүлнар Стамбекова екеуі 1970 жылдан бері бір ошақтың отын жағып келеді. Түйенің қомында, жылқының жалында жүріп күнелтіп, табиғаттың төрт мезгілімен де астасып кеткен қазақ баласына даланың қиындықтары көп тосқауыл бола бермейді. Тоғанбай атамыз да осындай қазақ баласының бірі болып өсті. Әкесі Өтеген өз заманында озат шопан болған кісі. Әке жолын жалғамақ болған бала 1972 жылдан бастап мал шаруашылығмен айналыса бастады. Басында «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы совхозда шопан болды. Сол жылдары тұсақ қойдан 1 ге 1 төл алып озат шопан атанды. 1987 жылы еңбегі еленіп ел алдында  Шәлкөде ауылында өткен шопандар тойында кезектен тыс су жаңа «Нива» автокөлігін тақымдады. Жұбайы екеуі де совхозда абыройлы беделді азаматтар қатарында коммунист болды.

1995 жылы совхоз тараған уақытта 50 отбасы бірігіп «Ақ арал» шаруа қожалығын құрып тіршіліктерін жалғастырды. Ол уақытта да адал еңбектің арқасында төрт түлік малдың басын көбейтуге зор үлес қосты. Араға он жыл салып 2005 жылы «Жоламан» шаруа қожалығын құрып жеке бөлініп шықты. Мал шарушылығы саласында ұзақ жылғы тәжірибесі бар шопанға жеке бөлініп шығу еш қиындықтар тудырған жоқ. Қазіргі жасы 73 келген Тоғанбай атамыз малдың жәй-күйін көзін жұмып тұрып айтады. Өрісін жарты күнде тауысатын жаман шопандардың қатарынан емес. Алдына салған қой, сиыр, жылқылары да әлді.   

«Жоламан» шаруа қожалығы осыдан 2 жыл бұрын әлемдегі ең ірі қой  саналатын таза қанды «Гиссар» тұқымды 2 қошқар әкеліп отарға қосқан болатын. Қазір сол қошқарлардың тұқымы түсіп қойдың сапасы едәуір артқан. Енді сиыр малын ет бағытында асылдандыруды жоспарлап отыр. Шаруа қожалықтың өзіне жеткілікті жайылымдық, шабындық, егістік жерлері мен техникалары бар. Мал басы да жылдан-жылға артып келеді. Шаруа қожалықтың тұрмыс-тіршілігі аудан көлемінде ауылшаруашылығы саласының дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. 

Одан бөлек Тоғанбай Өтегенұлы мен Гүлнар Стамбекова 4 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірген көпке үлгі отбасы. Немере, шөберелерінің арқа сүйер биік қорғаны. Гүлнар Стамбекова алтын алқалы ана. Барға қанағат жоққа сабыр таныта білген қос еңбекқор жан бала-шағасымен бірлесе отырып қазірде өз тіршіліктерінің тасын өрге домалатуда.

Дастан ЖАНАСЫЛ

Жаңалықтар