Қазақ оқырманы арасында бестселлерге айналған «Тастамашы, ана!», «Ертегісіз өткен балалық», «Көше балалары» кітаптарының авторы, башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметов пен аталған туындыларды қазақ тіліне аударған аудармашы, ақын Саят Қамшыгер А.Мәлкеев атындағы Есік «Білім-Инновация» лицейіне арнайы келіп, оқушылармен керемет кездесу өткізді. Бұл кездесудің негізгі себебі – лицейде өткен кітап оқу жарысының алғашқы кезеңін қорытындылап, кітапқұмар өрендерді марапаттау, балаларды өздері оқыған шығарма авторымен жүздестіріп, сауалдарына жауап алуға мүмкіндік жасау. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деген еді. Бұл идея – өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруді мақсат еткен лицей ұжымының да басым бағыттарының бірі. Сөзіміздің нақты дәлелі – білім ордасының сабақ кестесіне енгізілген «кітап оқу уақыты». Оқушылар бұл уақытта күнделікті 15 минутын кітап оқуға арнайды. Ал оқылған кітаптың оқиға желісі мен ондағы кейіпкерлердің іс-әрекеттерін, шығармадан түйгендерін балалар ай сайын өтетін кітап талқылау кездесулерінде ұстаздарымен бірге талқылап, пікір алмасады. Бұл – оқушылардың кітап оқуды әдетке айналдыруы, сол арқылы оқитын орта қалыптастыру үшін жасалып жатқан үлкен қадам. Осынау игі істің ауқымын кеңейтіп, биылдан бастап лицей қабырғасында кітап оқу жарысы қолға алынды.Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында елімізде өткен «Тұлға боламын» оқырмандар сайысының тәжірибесін негізге ала отырып, осы жобаның баламасы ретінде лицей қабырғасында бастау алған кітап оқу жарысы әр тоқсан сайын қорытылып, кітапқұмар, білімге құштар оқушылар марапатталып отырады. Аталған жарысқа лицей оқушылары түгел қатысып, жарыс шарттарына сай берілген кітаптарды бір тоқсанда толық оқып, сол шығармалар бойынша жаппай тест тапсырады. Ал тесттен 30 пайыз жинаған оқушылар түрлі сыйлықтармен марапатталады. Бірінші тоқсанда 7 сынып оқушылары – Б.Соқпақбаевтың «Жекпе-жек», А.Баймұхаметовтің «Тастамашы, ана!», «Ертегісіз өткен балалық» шығармаларын, 8 сынып оқушылары – М.Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы», А.Баймұхаметов «Тастамашы, ана!», «Ертегісіз өткен балалық», 9 сынып оқушылары – М.Әуезовтің «Қилы заман», Д.Исабековтің «Тыныштық күзетшісі», Б.Майлиннің «Күлпаш», 10 сынып оқушылары – Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша», В.Янның «Шыңғыс хан» және 11 сынып оқушылары – А.Экзюпери «Кішкентай шаһзада» мен Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» кітаптарын оқыды. «Әр сыныпқа арнайы кітаптар тізімі бекітіліп, бір тоқсан бойы оқушыларымыз бен ұстаздарымыз, тәрбиешілеріміз бірге оқып, талқылау жүргізді. Бұл – тек оқу емес, ортақ ой бөлісу, пікір алмасу, білім мен рухани байлыққа қадам басу. Кітап оқу – жай ғана ақпарат алу емес, жан дүниені тәрбиелеу мен ойды жетілдірудің ең бағалы жолы. Осы орайда оқушыларымызды кітап оқуға ынталандырып, жарыс ұйымдастырып, бағалы сыйлықтармен марапаттап отырған лицейдің Әкелер кеңесіне алғысымыз шексіз», – дейді А.Мәлкеев атындағы Есік «Білім-Инновация» лицейінің директоры Жәнібек Беркіндолда. Бірінші тоқсандағы кітап оқу жарысының нәтижесінде 190 оқушы бағалы сыйлықтармен марапатталды. Тест сұрақтарынан ең көп балл жинаған 7 оқушыға велосипед берілсе, қалған балалар Marshal Major, BUDS құлаққаптары, Redmi Watch, Kitapal сертификаттары, Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі», «Алтын Орда» кітаптары, Istambul дәмханасынан таңғы ас пен басқа да сертификаттарға ие болды. «Шұғыла» қорының ақылдасу кеңесінің төрағасы, «Тұлға боламын» сайысын ұйымдастырушылардың бірі, әрі лицейдегі Әкелер кеңесінде ұлттық құндылыққа жауапты Азат Қалиолла: «Кітап оқу жарысы – мектеп басшылығы мен бүкіл ұжым еңбегінің, жоғары ұйымдастырушылық деңгейінің және балаларды кітапқа баулудағы табандылығының айқын жемісі. Кітап оқуды әдетке айналдырып, кітап оқу жарысына алдағы уақытта да осындай белсенділікпен қатысыңдар, балалар. Бұл дағды болашақта өмірлеріңде оң өзгерістер орын алуына себепші болады», – дей келе жарысқа тігілетін сыйлықтардың саны да, көлемі де арта беретінін айтып, оқушыларды ынталандырып қойды. Кітап оқу жарысын ұйымдастырып жатқан азаматтардың көрегенділігі мен өскелең ұрпаққа деген жанашырлығын ерекше атап өткен Айгиз Баймұхаметов: «Адам үшін ең үлкен байлық – білім. Ал білім кітапта. Осынау керемет жарысқа ерекше құлшыныспен қатысып жатқан бүгінгі балалар болашақта өздері де осындай игі істердің жанынан табылатынына сенемін», – деді. Балалардың қуанышына ортақтасып, марапаттау рәсіміне қатысқан кеш қонақтары Айгиз Баймұхаметов пен Саят Қамшыгер 7-8 сынып оқушыларымен кездесу өткізіп, оқырмандарының сұрақтарына жауап берді. Ерекше сезімге беріліп оқыған шығармасының авторы, әрі бас кейіпкері алдарына келіп отырғанда оқушылар да тайсалып қалмады. Туындының әр сюжетін, ондағы кейіпкерлердің іс-әрекеті, кешегісі мен бүгінгісін тәптіштеп сұрап, кітаптан алған әсерлерімен бөлісті. Кездесу барысында Саят Қамшыгер: «Айгиз Баймұхаметовтің «Құсқа айналам бір күні» атты кітабын аударып жатырмын, жақын арада қазақ тілінде жарыққа шығады», – деді. Сондай-ақ 16 тілге аударылып, 10 шақты театрда сахналанып, халықтың үлкен қошеметіне бөленген «Тастамашы, ана!» мен «Ертегісіз өткен балалық» кітаптарының желісімен елімізде жаңа фильм түсіру жұмыстары басталып кеткенін де сүйіншілеп жеткізді. Алтын уақытын арнап алыстан келген кеш қонақтарына алғысын білдірген лицей директоры Жәнібек Беркіндолда Айгиз Ғизатұлына ұжым атынан қазақтың қонақжайлығын танытып, шапан жауып, сый-сияпат жасады. Автордың қолтаңбасын қойғызып, кітап алған балалар естелік суретке түсті. Жалпы, мұндай кездесулер бала бойында кітап оқуға деген ерекше құлшынысты арттырып, оқу-білімге құштарлығын арттыра түсері анық. Ол кездесуден керемет әсермен шыққан оқушылардың жүзінен байқалып тұрды.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

