Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған,
Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, — деп төрелігін өзі шешкен Абай Құнанбаев бүгін жарқын бейнесімен де, жалынды жырымен де бізбен бірге 180 жыл бойы өмір сүріп келеді, мәңгі өмір сүре бермек!
Ұлы ақын 1845 жылы 10 тамызда – табиғаты тамаша Семей облысы Жидебай жерінде Шыңғыстау етегінде дүниеге келген. Негізгі хатқа түскен аты Ибраһим болса да, әжесі Зере еркелетіп «Абай» деп атап кеткен. Бүгінде ғасыр ақыны атанған Мұқағалидың да жырлары Абай дәстүрімен сабақтас.
Өлмеу үшін — құлқынды жемдеу үшін.
Мен-дағы өлең жазбаймын ермек үшін.
«Жаздым үлгі жастарға бермек үшін»
Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін.
Биылғы жылы М.Мақатаевтың әдеби – мемориалды музейі де Абай атамыз- дың мерейтойын назардан тыс қалдырмады. Сонау Хантәңірінің бауырынан, Шыңғыстаудың баурайына Жидебай еліне М.Мақатаев музейінен жылжымалы көрме ұйымдастырылды. Көрмеге ақиық ақын М.Мақатаев атамыздың өзі қолданған жеке заттары мен құнды жәдігерлер қойылып, Жидебай елінің ризашылығын алып қайтты.
Қазіргі қазақ поэзиясында Абай дәстүрімен жазбаған, Абай поэзиясынан нәр алмаған ақын кемде кем.
Дала жатыр – өн бойы тұнған өлең,
Абай, міне, жапанда тұрған емен.
Ата сөзі тербеткен бесігімді,
Ата сөзін өмірде тыңдап өлем.
…Ұлы емес Абай жалғыз сахараның,
(Мен емес, солай деген Аталарым).
Сол ұранды ұрпаққа апарамын,
Мен қазақ – Абай болып атанамын.
Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы – заман тынысы, халық үні.
Бүгін ол үн біздің де үнге қосылып, жаңғырып, жаңа өріс алып тұр.
БАТТАЛ Әділет Ерболатұлы,
М.Мақатаевтың әдеби-мемориалды
Музейінің ғылыми қызметкері

