Адам баласы өмір сүруге дағдылану барысында табиғат ресуртарын өз игілігіне пайдаланудың түрлі әдістерін ойлап тапты. Заманға сай жан-жақты дамумен қатар, экология мәселесі де өз өзектілігінен айырылмады. Иә, адамзат жер бетінде жаратылыс иесі ретінде тіршілігін бастағаннан бастап, экология мәселесі түрліше қарапайымнан күрделі мәселеге айналды.
Экологиялық мәселені тудырушы — адамдар екені айтпаса да белгілі. Экологияның жаһандық проблемасын былай қойғанда, ауданымыздағы ахуалы да мәселелі. Ел прездиенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастауымен еліміздегі экологиялық проблемаларды біршама тұрақтандыру мақсатында «Таза Қазақстан» жалпыреспубликалық акциясы бастау алып, күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Акция аясында біздің аядай ауданымызда да тиісінше тазалық жұмыстары жүргізіліп, күл-қоқыстан едәуір тазарту жұмыстары жүзеге асырылды. Әр ауылдық округтерде сенбіліктер ұйымдастырылып, таза ауыл үшін тұрғындар жаппай атсалысты. Десе де, тазалық жұмыстары әрдайым, жылдың төрт мезгілінде де ауа райы ерекшелігіне байланысты жүргізіліп отыруы тиіс. Таза аудан болудың қарапайым ережесі- әр тұрғынның өз ауласын таза ұстауы. Ауданымызда негізгі шаруашылық көзі- мал шаруа- шылығы. Осыған орай, төрт-түлік қиынан көшелер мен аулаларды таза ұстау да аса маңызды.
Сонымен қатар, экологияны сақтау мен қоршаған ортаны күл-қоқыстан сақтаудың тағы бір маңызды шешімі- тазалыққа негізделген тәрбие. Баршаға мәлім, көшедегі қоқыстардың бәрі пластик бөтелкелер мен целофандардан, қағаздар мен түрлі қалдықтар. Біздер қоқыс тастау мәдениетін әлі де тиісінше меңгере алмай келеміз. Жастарды былай қойғанда, ересектердің өзіне тазалық тәрбиесі жетіспей жатады. Тұтынған тауарлар қалдықтары мен қабықтары айналаны қоқысқа толтыруға жеткілікті-ақ. Дегенмен, бір дүниені естен шығармау қажет, күл-қоқысты қалдыратын адамдар болса, одан зардап шегетін де адамдар. Көп уақыт күн астында жататын целофан, пластик сынды заттар өзінен улы зат бөліп, ауаны ластап, адамдарды улайды.
«Таза Қазақстан» қалыптастыруды өз ауданымыздан бастауымыз қажет. Осылайша, өз ауданымызда тазалық сақтай отырып, күллі елдің экологиялық мәселесін шешуге ат салыса аламыз.
Айгүл ТАҒАЕВА

