Ата заң – бұл жай ғана баптар мен тармақтар тізбегі емес, бұл – ұлттың сан ғасырлық тілегі мен еңселді елді аңсаған жүрегінен хабар беріп, тағдырына мөр басқан қасиетті құжат. Оның әр жолында елдің үні, халықтың тілі, ата-бабаның аманаты бар. Кешегінің күңгірт көлеңкесін, қара түнегін қақ жарып шыққан, азаттық таңымен нұрланған жаңа дәуірдің алтын кілті. Әлмисақтан бері әділдікті ту еткен қазақтың табиғатына, билер сөзіне, қара қылды қақ жарған шешендеріне тұғыр болған дала заңдарының заңды жалғасы. Тәуке ханның «Жеті жарғысы», Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы» – бәрі де осы бір қасиетті құжаттың тамырына қан жүгірткен, қайнары болған тарихи негіз. Сондықтан да, бұл заң – заманның заңы ғана емес, бабалардың аманатын арқалаған, ата-баба өсиетін ұрпаққа мирас етіп жеткізген ғаламат жәдігер. Бұл – қай кезде де қараша халыққа қорған болған, ел ішінде әділет пен ынсаптың дәнін сепкен рухани заңғар. Ол ел ішінің ынтымағын, бірлігін бекемдейтін киелі құндылық, елдің ертеңіне көз тіккен кемел құжат.
Биыл – ел тағдырын айқындаған, елдік негізді бекемдеген сол Ата Заңымызға 30 жыл! Бұл – бір адамның ғана емес, тұтас бір ұлттың ғұмырымен пара-пар уақыт. Отыз жыл ішінде еліміз сан түрлі сындардан өтті. Қара бұлт торлаған тоқсаныншы жылдардың тар жол, тайғақ кешуінен бастап, XXI ғасырдың жаһандық дүрбелеңдеріне дейін, еліміздің еңсесі тіктеліп, іргесі бекіді. Отыз жылда Ата Заңымыз – кемелденген қоғамның темірқазығына, түрлі реформалардың бастауы мен бағдарына айналды. Осы отыз жылда еліміз сан салада толайым табысқа жетіп, халықаралық аренада беделіміз биіктеп, айымыз оңынан туды. Оның арқасында ел ішінде заң үстемдігі орнап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары нақты айқындалып, халықтың мемлекетке деген сенімі нығая түсті. Бұл – тарихтың тезінен өткен, замана сынынан сүрінбей шыққан Конституцияның өміршеңдігі мен тұғырлылығының айғағы.
Мемлекетіміздің негізгі Заңы тоғыз тарау, тоқсан тоғыз баптан тұрады. Әр бөлім – өз алдына тұғырлы тақырып, ел тіршілігін бейнелейтін шежіре. «Жалпы ережелер» бөлімінде мемлекеттіліктің негізі, саяси жүйе мен билік тармақтарының бөлінуі айқындалады. «Адам және азамат» тарауы – адамды ең жоғары құндылық ретінде белгілейді. Бұл бөлімде адамның өмірі мен бостандығы, ар-намысы мен қадір-қасиеті, құқықтары мен мүліктік еркіндігі кеңінен қарастырылған. Мұнан соңғы «Президент», «Парламент», «Үкімет» бөлімдерінде мемлекеттік биліктің жоғары органдарының құқықтық мәртебесі, өкілеттігі мен міндеттері көрсетіледі. Ал «Конституциялық сот», «Соттар және әділет», «Прокуратура», «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл» тараулары әділет пен заң үстемдігін қамтамасыз ету жолдарын айқындайды. «Жергілікті басқару және өзін-өзі басқару» бөлімі азаматтардың ел ішіндегі басқаруға тікелей қатысуына жол ашады. Соңғы – «Қорытынды және өтпелі ережелер» тарауы – уақыт пен кеңістіктегі құқықтық сабақтастықтың алтын арқауы.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 1-бабында еліміздің саяси, құқықтық және әлеуметтік жүйе- сінің негіздері терең әрі айқын баяндалады: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары». Бұл бапта көрсетілген төрт басты қағида еліміздің мемлекеттілік ұстанымдарын айқындап қана қоймай, әрбір азаматтың өміріне, құқықтары мен бостандықтарына деген құрмет пен қамқорлықты білдіреді.
Демократиялық мемлекет болу ұғымы тек құқықтар мен бостандықтардың кепілдігі ғана емес, сонымен қатар елдің әлеуметтік құрылымында азаматтардың еркін пікір білдіруі. Бұл жерде демократия тек заңмен емес, қоғамның санасымен және жүрегінде қалыптасады. Қазақстан Республикасы әрбір азаматына таңдау еркіндігі мен дауыс беру құқығын береді, ал бұл өз кезегінде ел өмірінің дамуына толықтай мүмкіндік береді. Зайырлы мемлекет қағидасы еліміздегі дін мен мемлекеттің арасындағы шекараны айқындайды. Бұл принцип қоғамның діни сенімдер мен көзқарастардың әртүрлілігін құрметтейді, бірақ сонымен бірге мемлекеттік басқару жүйесінің тек қана азаматтық, құқықтық және гуманистік құндылықтарға негізделуін талап етеді. Зайырлылық қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ете отырып, әр азаматтың діни сенім бостандығын толықтай сақтайды, бірақ діни идеологиялардың саяси жүйеге ықпал етуіне жол бермейді.
Құқықтық мемлекет дегеніміз — заңдардың үстемдігі, әділеттіліктің үстем болуы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы. Мемлекет өзінің барлық органдары арқылы заңның әділ әрі тең қолданылуын қамтамасыз етуге ұмтылады. Конституцияның бұл қағидасы заң алдында барша азаматтардың теңдігін негізге алады, бұл мемлекет пен қоғамның өзара қарым-қатынасының реттегіші болып табылады. Әрбір адамның құқығы мен бостандығы заңмен қорғалып, оның заңды мүдделеріне кепілдік беріледі.
Дастан ҚАСЕНҰЛЫ