10.2 C
Нарынкол
spot_img
ДомойЖаңалықтар | НовостиБалалар үйі тәрбиеленушілерін көшіру мәселесі бойынша түсіндірме

Балалар үйі тәрбиеленушілерін көшіру мәселесі бойынша түсіндірме

Алматы облысының Білім басқармасының хабарлауынша: Алматы қаласындағы «Арнаулы әлеуметтік қызметтерді қажет ететін балаларды қолдау өңірлік орталығы» КММ ғимаратының апаттық жағдайына байланысты тәрбиеленушілерді Қонаев қаласындағы жаңа, заманауи Балалар үйіне көшіру туралы шешім қабылданған.

1963 жылы салынған ғимарат қазіргі таңда әрі қарай пайдалануға жарамсыз деп танылған. 2024 жылы «Астанақұрылыссервис» ЖШС жүргізген техникалық зерттеу нәтижесінде ғимараттың тірек құрылымдарында жарықтар анықталып, жылу және сумен жабдықтау жүйелері толық тозғаны және қайта қалпына келтіруге келмейтіні анықталған. Нысан санитарлық, өрт қауіпсіздігі және құрылыс талаптарына сәйкес келмейді. Айта кету керек, қазіргі ғимаратта бір ғана зал асхана, акт залы және спортзалды қатар алмастырып отыр. Бұл балалардың толыққанды дамуы мен қауіпсіздігіне кедергі келтіретіні анық.

2025 жылғы 9 шілдеде шыққан Алматы облысы әкімінің №207 қаулысы және 2025 жылғы 10 шілдедегі Білім басқармасының №494-н бұйрығы негізінде тәрбиеленушілерді кезең-кезеңімен 180 орындық жаңа Балалар үйіне көшіру жұмыстары басталды. Бұл нысан жеке инвесторлардың қаражатына салынған және мемлекет меншігіне сыйға берілген. Жаңа ғимарат балаларға арналған мекемелерге қойылатын заманауи стандарттар мен талаптарға толық сәйкес келеді.

Алдымен 1–4 сыныптарда оқитын 44 бала көшіріледі. Үлкен жастағы тәрбиеленушілердің көшірілуі білім беру үдерісінің тұрақтылығы мен әлеуметтік бейімделуін ескере отырып, кезең-кезеңімен жүргізіледі.

Қазіргі уақытта мекемеде 171 бала тәрбиеленуде, олардың 125-і — жетім балалар, 46-сы — өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар. Мекемеде 85 қызметкер, оның ішінде 42 педагог жұмыс істейді.

Әлеуметтік желілерде таралып жатқан шындыққа жанаспайтын ақпараттарға байланысты Білім басқармасы келесіні түсіндіреді:

Барлық тәрбиеленушілер, тұратын жеріне қарамастан, тегін медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі және заңнамаға сәйкес тұрғын үй кезегіне тұруға құқылы;

Мекеме орналасқан аумақта батпақты жер бар деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді;

Көшіру балалардың құқықтарын шектемейді және өмір сүру жағдайларын нашарлатпайды.

Қонаев қаласындағы жаңа мекемеге көшіру – балалардың қауіпсіздігін, сапалы білім мен медициналық қызмет алу құқығын және жайлы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жаңалықтар