Ағымдағы жылдың 6 мамырда Алматы облысы Райымбек аудандық сотында мал ұрлау фактісі бойынша сотталушы Б.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚК-нің 188-1-бабы 3-бөлігі 1-тармағы).
Іс материалдарына сәйкес, сотталушы Б. бірнеше рет бөтеннің малын жасырын түрде жымқырып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Атап айтқанда, 2024 жылдың маусым айында сотталушы Б. Тұйық ауылдық округіне қарасты «Шомай» учаскесіндегі мал базында өзінің бағып отырған малдарына қосылып кеткен жәбірленуші С-ға тиесілі бір бас байталды (құны 600 000 теңге), бір бас сиырды (құны 500 000 теңге) және бір бас ала тананы (құны 300 000 теңге) бөтен адамдар байқамай тұрғанда жасырын иемденіп алған. Кейін ол малдардың бірін өз қорасына қамап, сойып, етін көлігімен тұрғын үйге жеткізген.
Сот барысында анықталғандай, бұл сотталушының жалғыз рет жасаған қылмысы емес – ол мал ұрлығын бірнеше рет қайталаған. Нәтижесінде, ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы 3-бөлігінің 1) тармағы бойынша, яғни «Бөтеннің малын ірі мөлшерде бірнеше рет жасырын жымқыру» бабы бойынша кінәлі деп танылды.
Сот үкім шығару барысында сотталушының жеке басына және бұрын сотты болмағанын, жәбірленушілердің кешірім бергенін, соттан шартты жаза тағайындауды сұрағанын, сондай-ақ оның тұрғылықты жері бойынша жақсы мінезделетінін назарға алды.
Осыған байланысты, Қылмыстық кодекстің 63-бабын қолдана отырып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы шартты түрде тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді.
Алматы облысы Райымбек аудандық сотының баспасөз қызметі