1 сәуір мен 31 тамыз аралығында білім мекемелеріне 2025-2026 оқу жылында оқушыларды 1-сыныпқа қабылдау басталады. Бұл туралы Алматы облысы білім басқармасының орта білім беруді дамыту бөлмінің бас маманы Ақмарал Атенбекова баспасөз-мәслихатында айтты.
ҚР заңнамасына сәйкес, мектеп жасындағы әр бала орта білім алуға міндетті. Сондықтан, білім беру ұйымдары балаларды дайындық деңгейіне қарамастан, алты жастағы және күнтізбелік жылда алты жасқа толатын балаларды бірінші сыныпқа қабылдауы тиіс.
Баланы 1-сыныпқа қабылдау үшін келесідей құжаттар қажет:
1) баланың ата-анасынан немесе өзге де заңды өкілінен өтініш;
2) ЖСН көрсете отырып, баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі;
3) баланың 3х4 көлеміндегі 2 дана фотосуреті;
4) Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандары, «Профилактикалық екпелер картасы» № 065/у нысанды және «Бала денсаулығының паспорты» № 052-2/у нысанды медициналық анықтамалар;
«Құжаттарды қабылдау «электрондық үкімет» веб-порталы және бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдары арқылы қағаз тасығышта жүзеге асырылады. Оқушыларды мектепке қабылдау бойынша ағымдағы жылдың 26 наурыз күні барлық мекеме басшыларымен ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілді»,-дейді спикер.
Айта кетейік, биылғы жылы Алматы облысында 37 мың баланы 1-сыныпқа қабылдау жоспарда бар.