Домойhantengrigazeti.kz ақпаратАлматы облысында үйден дауыс беруге өтініш қабылдау сағат 12:00-ге дейін жалғасады

Алматы облысында үйден дауыс беруге өтініш қабылдау сағат 12:00-ге дейін жалғасады


 
Алматы облысында денсаулығына немесе науқас отбасы мүшесіне күтім жасауына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтар үйден дауыс бере алады. Ол үшін сайлаушы тұрғылықты жері бойынша тіркелген сайлау учаскесіне жазбаша өтінішті бүгін сағат 12:00-ге дейін жолдауы қажет. Қолмен жазылған өтінішті басқа адам арқылы жеткізуге де болады. Өтініш қабылданғаннан кейін сайлау комиссиясының мүшелері тасымалданатын сайлау жәшігімен азаматтың үйіне барып, дауыс беруін ұйымдастырады.

Бұдан бөлек, Алматы облысындағы сайлау учаскелерінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасалған. Атап айтқанда, кедергісіз орта қалыптастырылып, арнайы жабдықталған дауыс беру кабиналары мен қажетті құралдар қарастырылған. Сондай-ақ бүгін мүгедектігі бар сайлаушылар үшін инватакси және сурдоаудармашы қызметтері қолжетімді болады.

«Алматы облысындағы барлық сайлау учаскесі белгіленген уақытта ашылып, жұмысын бастады. Дауыс беру барысы байқаушылардың қатысуымен өтуде. Сайлау комиссияларының мүшелері өз міндеттерін атқарып жатыр. Қазіргі уақытта заң бұзушылық фактілері тіркелген жоқ», – деді Алматы облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мейрамгүл Айтова.

Еске сала кетейік, бүгін елімізде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтуде. Алматы облысындағы 683 сайлау учаскесі таңғы сағат 7:00-ден бастап жұмыс істеп жатыр. Өңірде барлығы 1 056 474 азамат дауыс беру құқығына ие. Олардың қатарында кәмелет жасына толған, сайлауға алғаш рет қатысып отырған 8 296 жас бар.
 
Алматы облысының ӨКҚ

Жаңалықтар