Сайлау – әр азаматтың өз таңдауын білдіретін маңызды қоғамдық-саяси науқан. Бүгін Райымбек ауданында мәслихат депутаттарын сайлау аясында тұрғындар отбасымен, жақындарымен бірге сайлау учаскелеріне келіп, дауыс беруде.
Солардың қатарында ауданның Құрметті азаматы, қазақ күресі мен еркін күрестен спорт шебері Нұрлан Акимбаев бастаған Акимбаевтар әулеті де бар. Олар №778 сайлау учаскесіне келіп, мәслихат депутаттарын таңдауда өз дауыстарын берді.
Спорт саласында өзіндік орны бар, елге еңбегі сіңген азамат Нұрлан Акимбаев үшін отбасының қоғамдық өмірдегі маңызды науқандарға бірге қатысуы – азаматтық жауапкершіліктің отбасылық құндылықтармен сабақтасқан көрінісі.
Бір әулеттің бір мезетте сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасауы – ортақ іске деген жауапкершілікті танытады. Мұндай сәттер отбасы мүшелерінің ел өміріндегі маңызды оқиғаларға бірге атсалысуының мәнін айқындай түседі.
Райымбек ауданында мәслихат депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру жұмыстары белгіленген тәртіппен жалғасуда.

