Домойhantengrigazeti.kz ақпаратБатық Мәжитұлына туған жерінде құрмет көрсетілді

Батық Мәжитұлына туған жерінде құрмет көрсетілді

Жуырда, Баққожа Мұқай атындағы аудандық мәдениет үйінде, Батық Мәжитұлының 75 жылдық мерейтойына арналған «Ататолғау» танымдық жыр кеші өтті

Поэзия атты қасиетті өнердің туын биік ұстап, қаламы арқылы туған жердің қадірін, елдіктің мәнін, адамдықтың асыл қасиеттерін жырлап келе жатқан ақын Батық Мәжитұлының 75 жылдық мерейтойына орай, «Ататолғау» атты танымдық жыр кеші ұйымдастырылды.
Кеш шымылдығы туған өлкенің асқақ таулары мен мұзарт шыңдары, Нарынқол өңірінің көркем табиғаты бейнеленген әсерлі көріністермен ашылды. Аспантау өңірінен шыққан белгілі тұлғалардың бейнелері экраннан өтіп, көрерменді туған жердің тарихы мен рухани әлеміне жетеледі. Осы сәтте сөзін Батық Мәжитұлы жазған Бейбіт Дәлденбайдың «Қырандар» әні әуелей жөнеліп, кештің көркемдік мазмұнын аша түсті.

Кештің басты қонағы Батық Мәжитұлы сахна мінберіне көтеріліп, көрерменге тағзым етіп, кездесуді «Ататолғау», «Жерұйық менің мекенім» атты өлеңдерімен бастады. Ақынның туған жерге деген сағынышы мен перзенттік сүйіспеншілігіне толы жырлары экрандағы табиғат көріністерімен үндесіп, тыңдарман жүрегіне жол тапты. Оның өлеңдерінен туған топыраққа деген құрмет, ел тарихына деген іңкәрлік пен ұлт рухына деген адалдық айқын сезілді.

Кеш барысында аудан әкімі Құдабаев Дастан Сұлтанмұратұлы сөз сөйлеп, мерейтой иесіне ізгі тілегін білдірді. Ақынның шығармашылық жолы мен руханият саласына қосқан үлесіне құрмет көрсетілген басқосу одан әрі жырмен жалғасын тапты. Батық Мәжитұлының оқыған өлеңдері мен жергілікті өнерпаздардың әндері кештің мазмұнын байытып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Жыр кешінің екінші бөлімі «Мұқағалимен мұңдасу» деп аталды. Қазақ поэзиясының алыбы Мұқағали Мақатаевқа арналған бұл бөлім ақынның шығармашылық әлеміне терең бойлауға мүмкіндік берді.
Батық Мәжитұлы Мұқағали мұрасы туралы ой қозғап, ұлы ақынның қазақ әдебиетіндегі орнына, өлеңдерінің өміршеңдігі мен рухани құндылығына тоқталды. Мұқағалитануға өзіндік үлес қосып жүрген қаламгердің пайым-пікірлері көрерменді ақын әлеміне жақындата түсті. Әңгіме барысында әдебиетке адалдық, ақындық жауапкершілік, жырдың адам жанына әсері секілді маңызды мәселелер қозғалды. Бұл бөлім екі ақынның шығармашылық үндестігін ғана емес, поэзияға деген ортақ құрметті де танытты.

«Ақынмен сырласу» деп аталған үшінші бөлімде туған өлкенің тарихы, елдік пен ерлік дәстүрі, ұлт рухын асқақтатқан тарихи тұлғалар кеңінен сөз болды.

Кештің қорытынды бөлімінде Қазақстанның Құрметті журналисі, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Бейбіт Дәлденбай сахна төріне шақырылды. Рысбек Сәрсенбайұлы мерейтой иесіне арналған қорытынды пікірін білдіріп, қаламгердің шығармашылық жолы мен тұлғалық болмысына қатысты ойларын ортаға салды. Қонақтардың лебіздері ақынға деген құрметтің, оның еңбегіне деген ықыластың айғағындай болды.

Бір кештің аясында туған жердің тарихы, қазақ поэзиясының құдіреті, ұлт рухы мен адамдық қасиеттер тоғысқан тағылымды басқосу көрерменге ерекше әсер қалдырды. Батық Мәжитұлының 75 жылдық мерейтойына арналған «Ататолғау» кеші – ақынның шығармашылық жолына көрсетілген құрмет қана емес, әдебиеттің рухани құндылығын ұрпақ санасына сіңіретін маңызды мәдени шара.

Жаңалықтар