Домойhantengrigazeti.kz ақпарат«ТАУЛАРЫМ – МЕНІҢ ТАҒДЫРЫМ»: ҚАНАТ БІРЖАНСАЛДЫ ЕСКЕ АЛУ КЕШІ ӨТТІ

«ТАУЛАРЫМ – МЕНІҢ ТАҒДЫРЫМ»: ҚАНАТ БІРЖАНСАЛДЫ ЕСКЕ АЛУ КЕШІ ӨТТІ

Кеген ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одақтарының мүшесі, Райымбек ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі Қанат Біржансалдың рухына арналған еске алу кеші мен «Тауларым – менің тағдырым» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Кеш қаламгердің өмірі мен шығармашылығына арналған бейнероликтен басталып, режиссер Аршын Нұрбақыттың «Ар алдында» атты сахналық қойылымымен жалғасты. Ақынның өмір жолы мен азаматтық болмысын арқау еткен қойылым көрерменге ерекше ықылас сыйлады.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Мұхтар Батырханұлы сөз сөйлеп, қаламгердің ұлттық руханиятқа қосқан үлесі мен әдеби мұрасының маңыздылығына тоқталды.

Мәжіліс депутаты Нұрбақыт Молдахметұлы Теңізбаевтың құттықтау хаты табысталып, ақынның жары Кеңесгүл Шашауқызына құрмет көрсетілді.

Шара барысында С. Серкебаев атындағы орта мектеп-гимназиясының оқушылары ақын өлеңдерінен композиция ұсынып, «Ереуіл» халықтық фольклорлық-этнографиялық ансамблі күй орындады.

Кітаптың тұсаукесер рәсімінде Райымбек ауданынан келген делегация өкілдері, белгілі ақын-журналист Нүсіпбай Әбдірахым, Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасының орынбасары Бейбіт Сарыбай, журналист Кәдірбек Құныпия, ақынның қызы Индира Біржансал мен қаламгердің жақындары сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті.
Сонымен қатар Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің, Қазақстан Журналистер одағының және «Өлке тынысы» ЖШС-нің құттықтау хаттары табысталды.

Концерттік бағдарламада дәстүрлі әншілер Жігер Омархан мен Ербол Құдайбергенов өнер көрсетіп, Тұрсын Жеңісұлы ақын сөзіне жазылған «Киелі мекен – Үшқақпақ» әнін орындады.

Қанат Біржансалдың туған жерге деген сүйіспеншілігін, елдік пен адамдықты арқау еткен шығармалары кейінгі ұрпаққа рухани бағдар болып, есімі туған өлкесімен бірге жасай бермек!

Жаңалықтар