Домойhantengrigazeti.kz ақпаратЕңбегімен елге сыйлы

Еңбегімен елге сыйлы

          Адамның ғұмыр жолы – сан тарау соқпақтан тұратын ұзақ сүрлеу. Бірі біліммен биікке көтерілсе, енді бірі маңдай терімен елге танылады. Ал туған жердің топырағын түлетіп, тіршіліктің тауқыметін тайсалмай арқалап, бейнеттің белінен бел асып келе жатқан жандардың өмірі – кейінгіге өнеге, елге аманат. Осындай азаматтың бірі – Нарынқол ауылының тұрғыны, ел ағасы, шаруа қожалығының тізгінін ұстап, үш жылдан бері ауыл ақсақалдарына төрағалық етіп келе жатқан еңбек адамы.

Ол 1966 жылдың 18 мамырында Нарынқол ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Балалық шағы да бүгінгідей алаңсыз өткен жоқ. Он екі жасында әкесінен айырылып, анасының тәрбиесінде ержетті. Анасы совхозда су ұстайтын. Жазғы демалыс дегенді балалықтың қызығына айырбастамай, анасына қолғабыс етіп, ерте жастан еңбекке араласты. Сөйтіп, тіршіліктің ыстығы мен суығын бала күнінен сезініп өсті. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген қазақтың ескі тәмсілі оның өмірлік ұстанымына айналғандай. Жастайынан бейнетке шыңдалған азамат кейінгі ғұмырында да маңдай термен келген нанның қадірін еш ұмытқан емес.

1973 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1983 жылы Қазақстанның 40 жылдығы атындағы, қазіргі Бердібек Соқпақбаев атындағы мектепті тәмамдады. Мектептен кейін әскери комиссариаттың жолдамасымен жүргізушілік оқуын аяқтап, көлік жүргізу куәлігін алды.

1984-1986 жылдары азаматтық борышын Мәскеу қаласында шофер болып өтеді. Отан алдындағы міндетін атқарып, туған ауылына оралған соң совхоз жұмысына араласып, жүргізуші болып еңбек етті. Түнгі мектепте оқып, механизатор мамандығын меңгерді. Сөйтіп, бір мамандықпен шектелмей, ауыл тіршілігінің сан қырын игерді.

Алты жыл механизатор болып, екі жыл механик қызметін атқарды. Үш жыл комбайн тізгіндеп, алты жыл шөп шапты. Үш жыл қара айдап, жердің бабын, малдың жайын, шаруаның ыңғайын меңгерді. Қысқасы, ауылдағы қара жұмыстың қайсысы болса да оның қолынан өтті. Темір тұлпардың тізгінін ұстап, егіннің жайын біліп, шөптің бабын келтірген еңбек адамы уақыт өте келе шаруашылықтың қыр-сырын жетік меңгерген тәжірибелі маманға айналды.

Кейін кеңестік кезеңдегі совхоздар тараған тұста ол да жеке кәсіпке бет бұрды. 1996 жылы «Жасұлан» шаруашылығын құрып, содан бері шаруашылықтың жұмысын ұршықша иіріп келеді. Жылдар өте келе шаруасын ұлғайтып, Қызылұштан жер рәсімдеп алып, мал шаруашылығын дамытуға ден қойды. Әсіресе жылқы өсіріп, жазғы маусымда саумал мен қымыз өндіруді жолға қойды.

Қымыз – қазақ үшін жай ғана сусын емес, бабадан балаға жалғасқан берекенің белгісі. Құла түзде жылқы үйірін өргізіп, таңмен таласа бие байлаған ауыл тіршілігінің өзіндік бір жарасымы бар. Осы дәстүрді кәсіппен сабақтастырып отырған шаруашылықта жаз маусымы қызу еңбекпен өтеді. Кәсіпкерлік көкжиегі мұнымен де шектелмейді. Нарынқол ауылының Абай көшесінде ет, балық және өзге де азық-түлік өнімдерін сататын дүкен жүргізіп, тоғыз жыл жанармай бекетін ұстады. Сонымен қатар он алты жыл бойы дайындау саласында еңбек етіп, ауыл экономикасының әр саласына араласты. Мұның бәрі – бір күнде келген жетістік емес, жылдар бойғы табанды еңбектің жемісі.

Елдің ер-азаматы үшін ең үлкен жауапкершіліктің бірі – отбасының берекесін сақтау. 1987 жылы Жұмагүл есімді жарымен шаңырақ көтеріп, өмірдің қуанышы мен қиындығын бірге өткерді. Екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ұрпағының алды білім алып, елге қызмет етіп жүргеніне мерейі өсіп отыр.

Үш перзенті де жоғары білім алған. Қызы Фарида қазіргі таңда Бердібек Соқпақбаев атындағы мектепте ұстаздық етеді. Үлкен ұлы әке жолын жалғап, «Жасұлан» шаруашылығын жүргізіп келеді. Кіші ұлы аудандық аурухананы басқарады. Үлкен ұлынан екі немере сүйсе, қызы Фаридадан бес жиен көріп, әулеттің ақылшысы атанып отыр.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, бала тәрбиесін еңбекпен ұштастырған әкенің өмір жолы ұрпағына да бағыт-бағдар болды. Өзінің қарапайым тіршілігімен, адал еңбегімен, елге деген жауапкершілігімен перзенттеріне өнеге көрсетті.

Бүгінде ел ағасы атанған азамат үшін ауылдың әр тұрғынының жайы жат емес. Үш жылдан бері Нарынқол ауылының ақсақалдар төрағасы қызметін атқарып келеді. Ақсақал – елдің сөзін ұстап, ағайынның арасын жарастыратын, кейінгіге жөн сілтейтін тұлға. Сондықтан бұл міндетті ол қызмет деп емес, ел алдындағы аманат деп қабылдайды. Кешегі қара жұмыстың қазанында қайнап, совхоздың белді жұмыстарына араласқан, темір тұлпар тізгіндеп, жер жыртып, шөп шауып, мал бағып, кәсіптің сан түрін меңгерген азамат бүгінде ел ағасы ретінде ауылдың ынтымағы мен берекесіне атсалысып келеді.

Адамды жылдар емес, артында қалдырған ізі танытады. Оның өмір жолына үңілсек, бір әулеттің ғана емес, тұтас бір ауылдың тыныс-тіршілігі көрінеді. Балалықтан басталған еңбек, азаматтық борыш, совхоздағы маңдай тер, жеке шаруашылық, кәсіпкерлік, отбасы тәрбиесі – барлығы бір ғұмырдың бел-белесі.
Туған жердің қара топырағын қадірлеп, еңбекті елдік мұратпен ұштастырған мұндай азаматтардың ғибратты ғұмыры – кейінгі буынға тағылым. Өйткені уақыт өзгереді, заман жаңарады, кәсіптің түрі түрленеді. Бірақ адал еңбек пен елге қызмет етудің қадірі қашанда өзгермек емес.

Бүгінде ақсақалдық жолға түсіп, елдің сөзін сөйлеп, ағайынның арасын жарастырып отырған азаматтың өмірі бір ғана нәрсені аңғартады: адамның абыройын атақ емес, атқарған ісі биіктетеді.
Аружан БЕКСҰЛТАН

Жаңалықтар