Домойhantengrigazeti.kz ақпаратАзамат – мемлекетті басқару үдерісінің белсенді қатысушысы

Азамат – мемлекетті басқару үдерісінің белсенді қатысушысы

Мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты тек мемлекеттік органдардың қызметімен шектеу – бүгінгі уақыт талабына сай келмейді. Қазіргі қоғамда азамат өз еліндегі өзгерістерді сырттай бақылап қана қоймай, қоғамдық өмірге араласуға, өз пікірін білдіруге, бастамалар көтеруге және ортақ мәселелердің шешілуіне үлес қосуға мүмкіндік алған. Демек, азамат – мемлекетті басқару үдерісінің жай ғана бақылаушысы емес, оның белсенді қатысушысы.

Азаматтық белсенділік ең алдымен өз құқығы мен міндетін білуден басталады. Заңды білу – құқықты талап етудің ғана емес, жауапкершілікті сезінудің де негізі. Өз құқығын білетін адам қоғамдық мәселелерге немқұрайлы қарамайды, заңсыздыққа жол бермеуге ұмтылады және өз әрекетінің өзгелерге әсерін түсінеді. Осы тұрғыдан алғанда, құқықтық сауаттылық – демократиялық қоғамның маңызды тіректерінің бірі.

Мемлекетті басқаруға қатысу міндетті түрде белгілі бір лауазым иесі болуды білдірмейді. Азаматтың қоғамдық бастамаларға араласуы, жергілікті мәселелер бойынша ұсыныс айтуы, қоғамдық тыңдауларға қатысуы, сайлауда өз таңдауын жасауы, мемлекеттік органдарға өтініш білдіруі де азаматтық ұстанымның көрінісі. Әлеуметтік желідегі пікірден бастап, туған ауылдың тазалығына, қауіпсіздігіне немесе инфрақұрылымына қатысты нақты ұсыныс енгізуге дейінгі әрекеттердің барлығы қоғам дамуына әсер етеді.

Сонымен бірге азаматтық белсенділік пен жауапкершілік қатар жүруі тиіс. Өз құқығын талап еткен адам өз міндетін де орындауға дайын болуы қажет. Заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпті бұзбау, өзгенің құқығына құрметпен қарау, жалған ақпарат таратпау – белсенді азаматтың негізгі қағидалары. Себебі қоғамдағы тұрақтылық тек мемлекеттік органдардың жұмысына емес, әр азаматтың күнделікті әрекетіне де байланысты.

Әсіресе жергілікті деңгейдегі азаматтық белсенділіктің маңызы зор. Ауылдың, ауданның мәселесін сол жерде тұратын тұрғындардан артық білетіндер аз. Сондықтан халықтың ұсынысы мен пікірі басқару шешімдерінің сапасын арттыруға ықпал етеді. Мемлекеттік орган мен тұрғын арасындағы ашық диалог қалыптасқан жерде мәселені дер кезінде анықтап, тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік көбейеді.

Қоғамның дамуы – бір тараптың ғана еңбегінің нәтижесі емес. Мемлекет өз тарапынан азаматтардың пікірін естуге және заңды құқықтарын жүзеге асыруға жағдай жасаса, азаматтар да қоғамдық өмірге белсенді араласуы керек. Осындай өзара жауапкершілік орныққанда ғана мемлекет пен қоғам арасындағы сенім нығаяды.

Сондықтан «мемлекет маған не береді?» деген сұрақпен қатар, «мен мемлекетімнің дамуына қандай үлес қоса аламын?» деген сауалдың да маңызы артып келеді. Өйткені ел болашағы тек мемлекеттік шешімдерден емес, сол шешімдерге ықпал ететін, заңды құрметтейтін және қоғамдық жауапкершілікті сезінетін азаматтардың белсенділігінен құралады.

Жаңалықтар