Аспантау мен Алатау өңірі таланттарға кенде емес. Солардың арасында ақпан айының қатар үш күнінде дүниеге келген талантты тұлғалар кімдер еді?..

8- ақпан 1945жылы, Орта Меркі, Шет Меркі, Меркі, Меркі,
Тоғызбұлақ, Жалаңаш жердің көркі-ай.
Қайығында Көлсайдың әнге салсам,
Бұлғақтайды басыңда кәмшат бөркің-ай.
Орта Меркі, Арал-ай,
Долана мен қарағай.
Иісі жұпар аңқиды- ай,
Шет Меркінің, Үш Меркінің, самалы- ай,- деп шырқалатын әйгілі «Үш Меркі» әнінің авторы кәсіби суретші, әнші, күйші, сазгер әрі ақын Мәженов Молдахмет Мәжінұлы туған. Жастық, жігіттік шағы Кеген ауданының Тоғызбұлақ ауылында өткен сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз Молдахмет (Молдаш) Мәжінұлы 1965 жылы орта мектепті бітірген соң қазақтың ұлы суретшісі Әбілхан Қастеевтен 2 ай сурет өнерінен дәріс алып Алматы қаласындағы М.В.Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне оқуға түседі. Соңғы курста қазақтың тұңғыш ғалымдарының бірі – Құдайберген Жұбановтың ұлы, осы оқу орнының директоры, суретші Ахрап Жұбановтың өзі Молдахмет Мәжінұлына жетекшілік етеді және үздік дипломмен бітірген Молдаш ағамызды Мәскеуге оқуға жібереді. Алайда, бірінші курста Мұқағали ағасы сияқты елден келер көмектің болмауынан әрі ата-анасына қарайлап оқуын жалғастыруға мүмкіндігі болмай ауылға қайтады. Еңбек жолын 1969 жылы өзі білім алғанТоғызбұлақ орта мектебінде сурет және музыка пәндерінің мұғалімі болып дәріс беруден бастайды әрі ауыл мәдениетін көтеруге белсене атсалысады.
Молдахмет ағамыздың 1971 жылы Қорам ауылына көшкенге дейінгі жалындаған жастық шағы осы Тоғызбұлақ ауылында өтеді. Осы өңірдегі Үш Меркі жайлауының көз тоймайтын көркем де тылсым табиғаты жас таланттың бойына шабыт, қыл қаламына қайталанбас өнер туындыларын сыйлайды. Кейіннен Сәкеннің «Тау ішінде» әні сияқты тұмса табиғат аясындағы толғаныстан туған «Үш Меркі» әні дүниеге келеді. Оны 1991 жылы Тоғызбұлақ ауылындағы досы Әбдірештің баласының үйлену тойында тұңғыш рет өзі орындайды. 1992 жылы «Үш Меркі» әнін аудан орталығы болған Шелек аудандық мәдениет үйінде өткен «Жетісу әуендері» байқауында туған әпкесі Бодан апайдың ұлы Бақытжан Құсайынов (Жалаңаш ауылындағы мәдениет үйінің директоры) орындап, бас жүлдені жеңіп алады және әннің әрі қарай кең таралуына өз үлесін қосады.
Мынау шіркін домбырам,
Жырға мені бөледі.
Шыңдарды сонау жаңғыртып,
Шырқай бергім келеді,- деп жырлаған Молдахмет Мәжінұлы бірнеше музыкалық аспапты қатар меңгерген тума талант еді. 1984 жылы Асы жайлауына Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев келгенде ағамыздың өнеріне тәнті болған Димаш атамыз Молдаш ағамыздың қолын алып, аз-кем сұхбаттасып, батасын берген екен. Молдахмет Мәжінұлы мінезге бай, жайдары, елге сыйлы, оқыған, тоқығаны көп жан еді. Оны ауылға түскен келіннің беташарында ақын жігіттің домбырамен айтқан мына өлеңінен де айқын аңғаруға болады.
Осында жүр қайын атаң, ауылымыздың берені
Жалпақ елге жайылған әні менен өлеңі
Молдахмет атаңа төре де сәлем береді,
Қолын қысып Қонаев, сөзін айтқан өрелі.
Батасын алған ұлты ұйғыр Ғайнам батыр төренің.
Композитор, суретші, ақын да сөздің шебері.
Сегіз қырлы, бір сырлы ол кісіні дер едім,
Анау – мынау жігіттен атаңыз әлі әдемі.
Жасында сері атанған мен білетін дерегі,
Сері атаңа келінжан әдейі арнап бір сәлем!-
деген шағын шумақтардан ол кісінің портретін көргендей боламыз. Әуені бірдей «Үш Меркі» әнінің «Қарасаз» болып та айтылатын себебі, үлкен ұлы Бағдатқа (қазір Қыздар педагогикалық университетінің профессоры) «балам сен Алжанның баласысың, біздің ата-бабаларымыз Қарасазда туып-өскен, сондықтан саған сөзін «Қарасаздың қабағы-ай» деп өзгертіп жазып берейін сен солай айтып жүр»,- деп тапсырады. Әке аманатын қабыл алған Бағдат жиын-тойларда өзі де сырнайға қосып орындап жүріп, бұл әнді өнердегі аға-жеңгесі Қанат, Айткүл Құдайбергеновтерге берген. Ол кісілер өздерінің шәкірттері Айсұлу Кемербаеваға үйреткен. Сонымен бірге бұл әнді ҚР еңбек сіңірген әртістері Ұлжан Айнақұлова мен Майра Ілиясованың «Қыздар-ай» тобы орындаса, әнші Ербол Құдайбергенов «Үш Меркі» әнін өте жоғары деңгейде орындап көрермендердің зор ықыласына бөленуде. Молдаш ағамыздың көзі тірі кезінде әнді естіген Ақтөбелік әнші Есет Сәдуақасов сұрастыра жүріп, ағамызды тауып, әнді өз аузынан қайтадан жазып алып кеткен. Қазір радио толқындарында «Қарасаздың қабағы-ай» әні Есет Садуақасовтың орындауында беріліп жүр. Есет бұл әнге табиғат аясында бейнебаян да түсіріпті.
Бұл дәурен бір орында тұра алмаған,
Құбылған жастық кетті бұраңдаған.
Нұрғиса Шәлкөдеге ән шығарып,
Ақиық ақын Мұқаң жыр арнаған,- деп жырлаған Молдаш ағамыз да мына бес күндік жалған өмірде талай қиындықты басынан өткере жүріп, «Үш Меркі», «Қарасаз», «Дәурен- ай», «Қорам жастарының вальсі», «Беу жеңеше- ай», тағы басқа көптеген ән-күйлерін шығарып, елі үшін аянбай еңбек етті. Қазақстан авторлары қоғамының (ҚА) белді мүшесі болды. Қыл қалам мен сия қаламды қатар ұстап, 40 жылдық саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнады. Мәженов Молдахмет Мәжінұлы қамшының сабындай қысқа ғұмырында артына өшпестей мол рухани мұра қалдырып 2010 жылы 65 жасқа қараған шағында фәни дүниеден бақи дүниеге аттанды. Жатқан жеріңіз жәннат, иманыңыз салауат болсын! Өткен жазда Қорам ауылындағы зиратына барып ағамыздың рухына құран бағыштап қайтқан едік. Зират басындағы құлпытасына өзінің жүрегінен шыққан:
Сарқылып тағдыр берген өмір шіркін,
Томпайып топырақ боп қалам бір күн.
Білгендер «өнерлінің бірі еді»,-деп,
«Қарасаз», «Үш Меркіні» айтар дүркін
деген өлең жолдары қара мәрмәр тасқа қашалып жазылыпты. Ақпан айының 7 ші жұлдызында Еңбекшіқазақ ауданының Қорам батыр ауылындағы Қорам орта мектебінде Молдахмет Мәжінұлының туғанына 80 жыл толуына орай, «Өмірі мен өңірін өнерімен өрнектеген дара тұлға» атты еске алу шарасы өтеді.

9 ақпан 1931 жылы, «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін,
Алынбаған ақым бар сенде менің.
Бұйрат құмдар- бұйығып шөлдегенім,
Бура бұлттар- бусанып терлегенім.
Аспаныңдай кей сәтте күрсінемін,
Жас талыңдай жауқазын бүршік едім.
Кең дүние керемет қалпыңменен,
Жүрек болып кеудеме кірші менің,- деп жырлаған «Ғасыр ақыны», «Қазақ поэзиясының Хантәңірі» атанған біртуар талантты тұлға Мұқағали (Мұқаметқали) Сүлейменұлы Мақатаев дүниеге келді. Мұқағали ағамыз өмірді жүрегімен сүйе білді. Ол өмір сырларын әрбір өлеңі арқылы өзінің жүрегінен өткізіп, оқырманның жүрегіне жеткізе өрнектеп жазды, сондықтан да өмірі өлеңге айналған дара тұлға болып үлкеннің де, кішінің де жүрегінен берік орын алды.
…Тамаша еді жазғы орман, Тамашалап мәз болғам,
Қайран Қарасазым- ай! Үйрек ұшып, қаз қонған!.. деп қазіргі Райымбек ауданындағы Қарасаз ауылында өткен он жасқа дейінгі балғын балалық шағы шуақты өткенімен, одан кейінгі ауыр соғыс жылдары ақынды ерте есейтті.
Секілді құрбы құрдас жолдастарың,
Есіңде ме еңбекке жол басқаның.
Есіңде ме қаршадай қара бала,
Соқаның құлағына жармасқаның, деп әкесін соғысқа аттандырып, ауылдағы бар ауыртпалықты мойындарына алып, оқи жүріп, еңбек етті, шыңдалды.
1948 жылы Нарынқолда он жылдық мектепті бітіріп университетке (ҚазМУ) оқуға түскенімен ауылда қалған анасы мен қарт әжесіне қарайлап ауылға қайтады. Елге барған соң селолық кеңестің хатшысы болып қызмет атқарады. 1949 жылы Лашын Әзімжанова жеңгемізбен үйленеді. 1950 жылы Алматыға келіп Шетел тілдері институтына түсіп, неміс тілін оқиды. 1954-1956 жылдары Қарасаздағы Карл Маркс мектебінде орыс тілі пәнінен сабақ береді. 1957 жылы қазақ радиосында диктор болып қызмет атқарады. 1960-1962 жылдары Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінде қызмет істейді. 1962 жылы Алматы қаласына көшіп келді. «Менің анкетам» өлеңінде: …Білімің ше? – Орташа ғой.
Алайда өзім жоғарыға балаймын.
Ана тілің? – Қазақша.
Қысылғанда орысша да, немісше де, тағы бар.
Қайда істедің?
Мынау «Еңбек кітапшамнан» танып ал.
Оқымаған, дипломсыз демесең,
Бір басымнан бар мамандық табылар,- дегеніндей әкесі майданда қаза тапқан Мұқағали ағамыз отбасындағы ауыр тұрмыстық тауқыметті көтере жүріп өз бетінше оқыды, еңбектенді, білімін жетілдірді. «Көп оқудан пайда жоқ, Көкіректен ашылған ақылдын көзі болмаса» дегендей, ескі Қарасаз ауылындағы қоржын там үйінің еденінен төбесіне дейін жиналып тұратын алуан түрлі кітаптар мен классиктердің шығармаларын оқыды, ой түйді, өмірде пайдаланды.
Сондықтан кейінгі ұрпаққа: Ойлы жас! Өлең менің бар тынысым,
Жақсы сөзім жаны игі халқым үшін.
Атақ қуып, бақ қуып, даңқ қуып,
Біреулерден жүргем жоқ арту үшін,- деген ақын сол кездің өзінде мөлдір де тұнық, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін, мазмұнды өлеңдерін жазу үшін мол білімі мен ми қуатын сарқа пайдаланып еңбек етті.
Поэзия! Менімен егіз бе едің
Мен сені білесің бе неге іздедім
Алаурытқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім,- деп жырлаған ақын өлең жазар алдында жуынып, тазаланып жазу столына отыратын болған. Оны маған 1986 жылы ақынның шаңырағына барып бірнеше қалың дәптерлерге маржандай тізіп өз қолымен жазған өлеңдерін оқығанымда Лашын жеңгем айтқан еді. Мұқағали Мақатаев 1962 жылдан бастап «Социалистік Қазақстан», «Мәдениет және тұрмыс», «Жұлдыз» сияқты мерзімдік басылымдарда қызмет істеді. 1973-1974 жылдары Жазушылар Одағының жолдауымен Мәскеудегі Әдебиет және өнер институтында оқыды. «Қарлығашым келдің бе», «Армысыңдар, достарым», «Дариға жүрек», «Шуағым менің», «Өмірдастан» сияқты кітаптары ақынның көзі тірісінде баспадан шықты. «Қадірі болмас адамның, Ортада тірі жүргенде. Орыны қалар ойсырап, Бір күні көрге кіргенде,-деп Жәнібек Карменов айтқандай, жарты ғасыр уақыт өтсе де Мұқағали ақынның орны ойсырап тұр… 1989 жылы «Жырлайды жүрек» кітабына «Тұлпар» сыйлығы берілді. 1999 жылы «Аманат» жинағына Мемлекеттік сыйлық берілді. Тіршілігінде пенделікке салынып, аяқтан шалып бере алмаған мұндай сыйлықтардың ақынға енді керегі бар ма? Осындай бақастықты көп көрген ақын:
…Құс та болғым келмейді
Қанатым бар.
Қанатым бар күмістен жаратылған.
Сәби болғым келеді, сәби болғым,
Мына өмірден хабарсыз, жаңа туған,- деп сәби көңіліндей пәк сезіммен періште сәбилерге «Бәсіре» жыр жинағын арнап жазды. Іші тар пенделерден көңілі қалғанда:
Жапырақ жүрек жас қайың,
Жанымды айырбастайын.
Сен адам бола бастасаң,
Мен қайың бола бастайын.
Келісесің бе, жас қайың?- деп табиғатпен сырласқан тағдырлы ақынның көптеген өлеңдеріне сазгерлер әндер жазып, бейнебаян түсіруде.
Табиғат, Жанымды алсаң, Алшы менің,
Бір түйір жерге түскен тамшың едім.
Мұқағали жоғалса қайтер дейсің,
Артымда қалсын жерім, қалсын елім,- деп өзі ажал ауызында жатса да елінің амандығын тілеген ақын 1976 жылы көктемде дүниеден өтті. Жыл сайын ақпан айы басталғанда:
Ақ ұлпа жерді жапқанда,
Ағаштар сырға таққанда.
Бозарып атқан ақ таңда,
Бозарып тұрып ақпанда,
Есіңе мен алғайсың!- деген үлкен жүректі Алаштың арда ақынын қазақ елінің барлық қалалары мен елді мекендерінде, мәдениет ошақтары мен мектептерде, оқу орындары мен мұражайларда еске алу шаралары өтеді.
9 ақпан күні Алматы қаласындағы ақын ескерткіші алдында «Мұқағали аманаты» атты поэтикалық іс шарасы өтеді.

10 ақпан 1954 жылы айтыскер әрі жазба ақын Есенқұл Серікбайұлы Жақыпбек Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Бірлік ауылында дүниеге келген. Әжесі Шәрипа қара өлеңге шебер адам болған деседі. Екей елінің тілді қызы Шәрипа әжесінің туған ағасы Дулат ақын ескіше сауатты, өлеңді жазып айтатын адам болыпты. Шақпа ақын Дулат туралы Сүйінбай ақыннан мынадай сөз қалған:
Жазба ақынның мықтысы Дулат ақын,
Қара өлеңді қағазда тулататын.
Жебір менен жегішті сынағанда,
Қасқыр көрген иттердей шулататын.
Айтыста шақпа, жазбада ақпа ақын атанған Есенқұлға ақындық қасиет сол түп нағашысы Дулат ақыннан дарыса керек. «Мен көкелердің көмегімен емес, кейінірек ақындар айтысының арқасында танымал болдым, ел қатарына қосылдым»,- деген журналист Есенқұл әр салада қызметтер атқара жүріп 1995 жылы Қазақстан Жазушылар Одағына мүшелікке өтті, Президент стипендиясының иегері атанды, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Отыз жыл аламан айтыстың ақтаңгері, телевизиялық айтыстың тұңғыш жеңімпазы атанды. Өлең өлкесінде әр түрлі тақырыпта қалам тартып, «Бастау» «Ағымнан жарыламын», «Жерге табын», «Есіл дүние- ай», «Біздің елдің жігіттері», «Тазқара құстың тағдыры» сияқты оншақты кітаптың авторы атанды. Ақынның 200 өлеңіне сазгерлер ән жазды.
Ешқайсысына елімнің көзімнің жоқ аласы,
Сен аман бол ендеше алты Алаштың баласы.
Сен де аман бол Жетісу, Қасиетті қара жұрт,- деп толғаған Есенқұл ақын Алатау- Арқа- Атырау арасын кең құшағына сыйғыза білген Мұқағалидай ақын ағасы сияқты «әр қазақ менің жалғызым» қағидасымен өмір сүрді.
«Аға» деп- барсаң ағаңа,
Ағаның көңілі көкте жүр.
«Бауыр» деп- барсаң бауырға,
Бауыры оның көк темір.
Туысқанға- туа жат,
Жолдасыңа жүре жат,
Менен де осы өтті өмір,- деп қазіргі замандағы кейбір жақын адамдарының ниеті тарылып, ұсақ пендешілікке бой ұрғанын шамырқана жырлады.
Өкініштісі, алпыс жасқа аяқ басып, алмас қылыштай қиып түсер шағында:
Жеттік міне, алпысқа,
Өттік талай өткелден.
Біреулерге тұлға боп,
Біраз жерге жеткенмен.
Жігіттеймін кезінде,
Жетімдікті көп көрген.
Кештім талай тар өткел,
Өттім бірақ жасымай,- деп оның да қысқа жібі күрмеуге келмей қойған сәттері аз болған жоқ, сонда да тағдырға мойымады, қайта ширай түсті.
Қара тас сенен қорықпаймын,
Сенен де кейде от шығар.
Қара жер сенен қорықпаймын,
Саған да жазда шөп шығар.
Айналайын ағайын!
Сендермен жерді бір басқан,
Сүйгізген, сүйген, мұңдасқан.
Өмірі өлең, жыр- дастан,
Менде де арман жоқ шығар,- деп ешкімге қиянат жасамай, ешкімге тәуелді болмай, келешекте өзіне шын баға беретін халқы мен оқырмандарына арнап:
Жырымды қабыл алыңдар,
Өзімнен менің аумаған.
Жауқазын мұнда жаным бар,
Жазғы бір таңда жаураған.
Көрініп тұрар шын бейнем,
Гүл терген қыздай күнгейден.
Аларсың теріп керегін,- деп өсиет қалдырып, жан тебіренісін әнге қосып:
Алдай- ау, алдай, алдай- ау,
Дүние түбі балдай- ау.
Алқынған күндер талпынған,
Жәутеңдеп қарап артымнан,
Қалдай- ау бәрі, қалдай- ау,- деп бәрін артына қалдырып, 2013 жылы қамшының сабындай қысқа фәни дүниеден бақи дүниеге аттанып кете барды…
Жатқан жерің жәннәттің төрі болсын!
Иманың кәміл болсын қайран Есен ақын!
Ел- жұртың сені туған күніңде сағынышпен еске алады!
12 ақпан күні Жамбыл ауданындағы Үмбетәлі ақын мұражайында Есенқұл ақынды еске алу іс шарасы өтеді.
Елеусіз АХМЕТКЕРІМҰЛЫ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
Райымбек ауданының Құрметті азаматы