Жастардың денсаулығы мен олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру – қай қоғамда да маңызын жоймайтын мәселе. Өйткені жас буынның бүгінгі таңдауы оның ертеңгі болмысына әсер етеді. Спортты серік етіп, уақытын пайдалы іске арнаған жастың бойында тәртіп, табандылық, жауапкершілік секілді қасиеттер қалыптасары анық. Осы орайда, Райымбек ауданының ішкі саясат бөлімі жастар арасында «Нашақорлыққа жол жоқ!» атты аудандық спорттық жарыс ұйымдастырды.
1 қазан күні Нарынқол ауылындағы Балалар мен жасөспірімдер спорт кешенінде өткен жарысқа ауданның 16-35 жас аралығындағы азаматтары қатысып, спорттың бірнеше түрінен өзара мықтыны анықтады. Атап айтқанда, қатысушылар шағын футбол, үстел теннисі, шахмат және гир көтеруден бақ сынады. Шараны өткізуге Балалар мен жасөспірімдер спорт кешенінің ұжымы да атсалысып, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне өз үлесін қосты.
Жарыстың мақсаты – тек жеңімпаздарды анықтау емес. Ең бастысы, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, спортқа деген қызығушылықты арттыру, зиянды әдеттердің алдын алу және өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу. Осы тұрғыдан алғанда, спорттық дода жастардың басын қосып қана қоймай, олардың күш-жігерін пайдалы арнаға бағыттаған тағылымды шара болды.
Спорт кешеніне жиналған жастардың көңіл күйінен бәсекенің қызу өтетіні бірден аңғарылды. Бірі футбол алаңында командаластарымен ақылдасып, ойын тактикасын пысықтаса, енді бірі теннис үстелінің басында қарсыласына дайындалды. Шахмат тақтасында үнсіз бәсеке жүріп жатты. Мұнда артық қимылдың өзі есепке алынатындықтан, әр жүріс ойланып жасалды. Ал гир көтеруге қатысушылар үшін күшпен бірге төзім мен жігердің де маңызы зор болды.
Үстел теннисі – шапшаңдық пен дәлдікті талап ететін спорт түрі. Доптың бағытын бір сәтке аңғармай қалудың өзі ұпайдан айырылуға әкеледі. Сондықтан бұл бәсекеде қатысушылардың ептілігі мен жылдам шешім қабылдай білу қабілеті сыналды. Нәтижесінде Махмұт Ермахан І орынға ие болып, жеңіс тұғырынан көрінді. ІІ орынды Талғат Ертай, ІІІ орынды Жақсылық Батыр иеленді.
Ал шахматта жағдай мүлде бөлек. Бұл жерде жылдам қимылдан бұрын салмақты ой мен сабыр қажет. Әйелдер арасында өткен шахмат бәсекесінде қатысушылар өздерінің ойлау қабілеті мен шеберлігін ортаға салды. Сайыс қорытындысында Жайшибекова Сауле І орынға ие болды. Әбділдаева Бағдагүл ІІ, Сұлтанқұлова Нұржан ІІІ орыннан көрінді.
Күш сынасқан гир көтеру сайысы да жарыстың көрігін қыздырды. Қатысушылар 16 келілік гирді белгіленген талаптарға сай көтеріп, өз мүмкіндіктерін ортаға салды. Бұл сайыста әрбір дұрыс орындалған көтеру есепке алынып, төрешілер спортшылардың орындау тәртібін бақылап отырды. Жарыс нәтижесінде Ильяс Шыңғыс үздік нәтиже көрсетіп, І орынға көтерілді. Сқали Арман ІІ орынға, Ермек Талғар ІІІ орынға ие болды.
Ал командалық бәсекенің негізгі көркі – шағын футболда байқалды. Футбол алаңына шыққан командалар өз ауылдарының намысын қорғап, жеңіске жету үшін бар күшін салды. Мұнда жеке шеберлікпен қатар командалық үйлесімнің де маңызы зор. Бір ойыншының сәтті әрекеті тұтас команданың нәтижесіне әсер етсе, бір қателік есепті өзгертіп жіберуі мүмкін. Сондықтан алаңдағы әр сәт тартысқа толы өтті.
Шағын футболдан Нарынқол ауылының командасы үздік нәтиже көрсетіп, І орынды иеленді. Костөбе ауылының командасы ІІ орынға жайғасса, Жамбыл ауылының командасы ІІІ орыннан көрінді.
Жарыстың мазмұнына зер салсақ, оның атауының өзі маңызды ойды аңғартады. «Нашақорлыққа жол жоқ!» деген ұран – жастарды зиянды әдеттен аулақ болуға шақыратын сөз ғана емес, салауатты өмір салтын таңдауға үндейтін нақты бағыт. Өйткені спорт адамнан тәртіпті талап етеді. Жаттығу, жарысқа дайындық, күн тәртібін сақтау, өз мүмкіндігіңді дұрыс бағалау – мұның барлығы жас адамның өміріне оң әсер ететін дағдылар.
Бүгінде жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырудың маңызы артып келеді. Осы ретте спорттық жарыстардың орны бөлек. Мұндай шараларда жасөспірімдер мен жастар жаңа орта тауып, өзара тәжірибе алмасып, бәсекелестік арқылы шыңдалады. Бірі жеңіске жетсе, енді бірі жеңілістен сабақ алады. Бірақ екі жағдайда да спортшы үшін ең маңыздысы – алға ұмтылу.
Жарыстың тағы бір тағылымды тұсы – әр спорт түрінің адам бойындағы әртүрлі қасиетті шыңдайтынында. Футбол – командалық бірлікті, үстел теннисі – шапшаңдықты, шахмат – сабыр мен стратегиялық ойлауды, гир көтеру – күш пен төзімділікті талап етеді. Яғни бір ғана спорттық дода аясында жастар өздерінің түрлі қырларын сынап көрді.
Осындай шаралардың жүйелі түрде ұйымдастырылуы жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, салауатты өмір салтын күнделікті әдетке айналдыруға ықпал етеді. Себебі спорт алаңында шыңдалған жас уақытын бағалайды, өз мақсатына ұмтылады, жеңіске жетудің оңай жолы болмайтынын түсінеді.
Жастар – елдің ертеңі. Ал ел болашағының жарқын болуы бүгінгі буынның қандай құндылықтарды таңдағанына тікелей байланысты. Сондықтан спортты насихаттап, жастардың белсенділігін арттыратын әрбір бастаманың маңызы зор. «Нашақорлыққа жол жоқ!» атты аудандық жарыс та осы мақсатқа бағытталған тағылымды шаралардың бірі болды. Спорт алаңындағы бүгінгі бәсеке – дені сау, рухы мықты ұрпақ қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.
Аружан МАҚСАТҚЫЗЫ
Спортты серік еткен жас – зиянды әдетке жол бермейді

