Домойhantengrigazeti.kz ақпаратҰстаздар отбасы

Ұстаздар отбасы


Бүгінгі күні өзімізді, ақыл-ойы біршама толысқан, адамдармен қалыпты қарым-қатынас орната білетін, қоғамдағы, ғаламдағы жаңалықтарға өзіндік пікір қалдырып, дұрыс көзқараспен қарай алатын, сөзді ретімен сөйлеп, көзі ашық көкірегі ояу адамның әрекетін жасайтын болсақ, бұл ең алдымен мектеп қабырғасындағы тәрбие мен игерген білім нәтижесі деп білемін.
Мектеп қабырғасында әрбір оқушының өзіндік үлгі тұтар ұстаз бейнесі болары хақ. Олай болса, талай оқушының “осы кісідей болсам” дейтін, үлгілі ұстаздары Райымбек ауданы Қаратоған ауылы Нұрбапа Өмірзақов атындағы орта мектептің ұстаздары Акебаев Алмас Мырза мен Куберова Гауһар ханым.
Оқушылардың сүйікті пәні, салауатты өмір салтына негізделген дене шынықтыру пәнінің оқытушысы Акебаев Алмас мырза Райымбек ауданы Қаратоған ауылының тумасы болса, аяулы жары, география пәнінің мұғалімі Куберова Гауһар ханым Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Мақаншы ауылының тумасы. Алматыға арман қуып, білім жолымен нық қадам басып келген Алмас мырза мен Гауһар ханым ұлағатты ұстаздық жолын таңдап, Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетіне оқуға түседі. Студенттер үшін махабат қызық мол жылдар кезеңі бастау алып, осынау бір балғын шақта, тағдыр тоғыстырған жандар мамандық таңдау сапарында екінші жартыларын да кездестіріп, жоғарғы оқу орнын аяқтап, 2006 жылы наурыз айында отау құрған. Қазақы дәстүрді негізге ала отырып, жас отбасы қара шаңырақта қалуды жөн көреді. Отбасылық өмір мен ұстаздық жолды қатар бастаған ұстаздар жұбы 2007 жылы Райымбек ауданы Қаратоған ауылындағы Нұрбапа Өмірзақов атындағы орта мектепте еңбек жолын бастайды. Акебаев Алмас Таңсықбаев атындағы өнер колледжін көркем еңбек пәні мұғалімі мамандығы бойынша және Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетін дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығы бойынша аяқтаса, Куберова Гауһар Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетін география-экология мамандығы бойынша тәмамдаған.
Алмас ағай мен Гауһар апай тек білікті ұстаздар емес, өнегелі әке және ардақты ана, көпбалалы отбасы.
Гауһар ханым ұстаздық мамандықты нақты арман етпегенімен, балалық шақта ұстаз болуды ерекше жақсы көрген, уақыт өте келе мамандық таңдау сәті туғанда, анасының ықпалымен мұғалім мамандығын таңдаған. Дегенмен, бұл Гауһар ұстаздың аса бір сәтті таңдауы болған сынды.
Қос ұстаздың шәкірт тәрбиелеудегі ұстанымдары мен білім беру әдіс-тәсілдері тым ерекше. “Ұстазы жақсының ұстамы жақсы ” демей ме, Гауһар апай өз бойындағы жақсы қасиеттерді оқушы бойына сіңіруді, олардың біліміне ғана емес, өмірлік көзқарасына, тәрбиесіне оң ықпал етуді мақсат етеді. Ұстаздың алдындағы әрбір оқушы-болашақ еліміздің арман-мақсаттарын орындаушы өскелең ұрпақ екенін ескере отырып, өз міндетін барынша орындауға тырысады. Ұстаз ретіндегі басты ұстанымы- оқушыларды адалдыққа, адамгершілікке тәрбиелей отырып білім беру, себебі, ұлы ғұлама Әл-Фарабидің айтқанындай, “тәрбиесіз берілген білім- адамзаттың қас жауы” емес пе?!
Ұстаз бен оқушының қарым-қатынасында әр ұстаз өзін баланың орнына қоя білуі керек деп санайды ерлі-зайыпты ұстаздар. Баламен дос, сырлас бола білу керектігін, баланың жан дүниесіне кіре білген жөн деп санайды. Шәкір ұстазды қорқаннан емес, құрметтегеннен сыйлағаны абзал.
Иә бүгінгі алмағайып заманда, адамдар психологиясы, ұрпақ тәрбиелеу жүйесі де едәуір өзгеріске ұшыраған, дегенмен, ұлттық құндылықтарды жанамалай отырып, тәрбие мен білімнің озық үлгісін қалыптастыру тікелей ұстаздың ой ұшқырлығы мен қиял шексіздігіне, біліктілігіне байланысты.
Ұстаздардың ерекшелігі- олардың іскерлік салада да, отбасында да мәңгі әріптес, жолдас, серік болуында. Отанасы мен Отағасынан бір салада әріптес ретінде қызмет етудің қызығы мен қиындығын сұраған едік, қиындығына қарағанда, қызығы мен ұтымды тұстарын тілге тиек етті. Екеуі де білім жолында жұмыс жасағандықтан, бір-бірін ерлі-зайыптыдан бөлек, әріптес ретінде де жақсы түсініп, әркез бір-бірін толықтырып отырады. Жұмыс барысын да, бала тәрбиесін де, отбасына қатысты маңызды шешімдерді де бірлесе қабылдап, ерекше үйлесімділікте өмір сүреді.
Алмас ұстаз бен Гауһар ұстаз тек өнегелі ұрпақ тәрбиелеуші тағылымды ұстаздар ғана емес, абыройлы перзент тәрбиелеуші парасатты ата-ана, абыройлы отбасы.
Ардақты ұстаздарды төл мерекемен құттықтай отырып, отбасыларына амандық, еңбектеріне жеміс тілейміз. Бағындырар белестеріңіз таусылмасын!

Жаңалықтар