Домойhantengrigazeti.kz ақпаратДОСТЫҚ ПЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА БАСТАР ЖОЛ

ДОСТЫҚ ПЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА БАСТАР ЖОЛ

Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасында Қазақстан мен Иран арасындағы достық пен мәдени ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған мазмұнды кездесу өтті.Кітапханамызға Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы мәдени істер жөніндегі атташесі Мұхаммед Мәсуд Садеғи және аудармашы Нұрәділ Досмұрат арнайы келіп, кітапхананың тыныс-тіршілігімен, рухани-мәдени бағыттағы жұмыстарымен және қорындағы құнды басылымдармен танысты.

Қонақтар кітапхана қорындағы сирек әрі құнды кітаптарды тамашалап, олардың тарихи және рухани маңызына назар аударды. Кездесу барысында қазақ және иран әдебиеті, ұлттық мәдениет, тарихи-рухани мұра және кітап құндылығы жөнінде тағылымды әңгіме өрбіді.Жүздесу барысында Қазақстан мен Иран арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайту, мәдени және әдеби ынтымақтастықты дамыту, өзара тәжірибе алмасу мәселелері төңірегінде пікір алмастық.

Әдебиет – халықтың жүрек үнін жеткізетін рухани әлем. Ал мәдениет – сол әлемдерді бір-біріне жақындастыратын алтын көпір. Екі елдің тарихы мен мәдениетінде өзіндік ерекшелік болғанымен, кітапқа, білімге, өнерге деген құрметі секілді ортақ құндылықтары да бар. Осындай мазмұнды кездесулер халықтар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты тереңдетіп, жаңа достық байланыстардың қалыптасуына жол ашады. Мәдени ынтымақтастық – елдер арасындағы байланыстың берік негізі, ал рухани жақындастық – достықтың ең асыл дәні. Кездесу барысында алдағы уақытта бірлескен әдеби-мәдени жобаларды, шығармашылық кездесулерді, көрмелер мен мәдени-ағартушылық іс-шаралардыұйымдастыру жөнінде бірқатар ұсыныстар айтылды. Мұндай бастамалар екі елдің әдебиеті мен мәдениетін кеңінен таныстырып қана қоймай, шығармашылық орта өкілдерінің өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.

Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасы – білім мен мәдениеттің, әдебиет пен руханияттың тоғысқан ортасы. Сондықтан кітапхана қабырғасында өткен әрбір мәдени кездесу жаңа ойдың, жаңа байланыстың бастауына айналады.

Бүгінгі жүздесу – достық пен ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам. Алдағы уақытта бұл байланыстың нығайып, Қазақстан мен Иран арасындағы әдеби-мәдени қарым-қатынастың жаңа жобалармен толығарына сенім білдіреміз.

Кітап – халықтарды жақындастыратын рухани көпір.
Достық – өзара түсіністік пен сыйластықтан басталады.
Ынтымақтастық – ортақ игі бастамалардан өріс алады.

Екі елдің достығы берік, мәдени байланысы баянды болсын!

ИСКАКОВА ТОЛҚЫН

Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының қызметкері

Жаңалықтар