Қоғамның тұрақты дамуы тек мемлекеттік институттардың тиімді жұмысымен ғана емес, азаматтардың ортақ мәселелерді талқылауға және ел болашағына қатысты бастамаларға араласуына мүмкіндік беретін қоғамдық диалогпен де тығыз байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы – елдегі қоғамдық-саяси жаңғырудың маңызды қадамдарының бірі.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында Қазақстан Халық Кеңесі халық мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган ретінде бекітілді. Оның негізгі міндеттерінің қатарында ішкі саясаттың маңызды бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеу, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, сондай-ақ ортақ құндылықтарды ілгерілету көзделген.
Халық Кеңесінің ерекшелігі – қоғамның әртүрлі топтарының үнін бір алаңда тоғыстыруға бағытталуында. Қолданыстағы тәртіп бойынша оның құрамында этномәдени және қоғамдық бірлестіктердің, сондай-ақ мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің өкілдері қарастырылған. Бұл – түрлі әлеуметтік және қоғамдық ортадан шыққан азаматтардың тәжірибесі мен көзқарастарын ортақ талқылауға мүмкіндік беретін тетік.
Мұнда аға буынның өмірлік тәжірибесі мен кейінгі буынның жаңа көзқарасы өзара сабақтастық таба алады. Өйткені қоғамның дамуы бір ғана буынның тәжірибесімен шектелмейді. Үлкендердің елдік мәселелерге қатысты көргені мен түйгені жас ұрпақтың тың идеяларымен ұштасқанда, қоғамдық диалогтың мазмұны да кеңейе түседі.
Жастардың қоғамдық мәселелерге араласуы – бүгінгі күннің маңызды талаптарының бірі. Ал аға буынның тәжірибесін ескеру – тарихи сабақтастықты сақтаудың бір жолы. Осы екі бағыттың өзара байланысы қоғамдық келісімнің нығаюына ықпал ететін фактор ретінде қарастырылады.
Мемлекет басшысы да Қазақстан Халық Кеңесін этникалық, әлеуметтік және өңірлік ерекшеліктерді бір арнаға тоғыстыратын жоғары консультативтік орган ретінде сипаттаған. Кеңеске заңнамалық бастама көтеру құқығының берілуі оның қоғамдық диалогтағы институционалдық рөлін айқындай түседі.
Меніңше, Халық Кеңесінің мәнін тек жаңа құрылымның пайда болуымен шектеуге болмайды. Оның маңызын азаматтардың әртүрлі пікірін тыңдау, ортақ мәселелерді ашық талқылау және елдік мүдде төңірегінде ортақ ұстаным қалыптастыру мүмкіндігімен байланысты қарастырған жөн.
Бүгінгі Қазақстан үшін буындар сабақтастығы мен қоғамдық келісімнің маңызы зор. Бір жағынан – ел тарихын, салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген аға буын бар. Екінші жағынан – цифрлық технологияны меңгерген, жаңа кәсіптер мен жаңа көзқарастарға бейім жас буын қалыптасып келеді. Осы екі әлеуеттің бір-бірін толықтыруы қоғамның орнықты дамуына негіз бола алады.
Сондықтан Қазақстан Халық Кеңесін түрлі көзқарас пен тәжірибені бір ортаға жинақтайтын диалог алаңы ретінде қарастыруға болады. Мұндай алаңның басты құндылығы – әр азаматтың пікірін естуге ұмтылуында. Себебі елдің болашағы туралы сөз болғанда, ұрпақтар арасындағы сабақтастық, өңірлердің ерекшелігі және қоғамның әртүрлі топтарының мүддесі назардан тыс қалмауы маңызды.
Бірлік – барлығының бірдей ойлауы емес, түрлі пікірді ортақ мақсат жолында үйлестіре білу. Ал Қазақстан Халық Кеңесінің жұмысы осы ұстанымның қоғамдық институттар деңгейінде жүзеге асуына бағытталған.
Аружан БЕКСҰЛТАН

