Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдаулары – еліміздің алдағы даму бағытын айқындайтын маңызды стратегиялық құжат. Президенттің 2025 жылғы Жолдауында цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу, экономиканы жаңғырту, инвестиция тарту және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру мәселелеріне басымдық берілді. Қазақстанды үш жыл ішінде жаппай цифрлық елге айналдыру міндеті қойылды. (Akorda.kz)
Бұл міндеттер ел көлеміндегі ірі қалалармен қатар ауылдық аймақтарға да қатысты. Райымбек ауданы үшін цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік береді.
Аудан экономикасында ауыл шаруашылығының орны ерекше. Мал шаруашылығы, егіншілік, оның ішінде Нарынқолдың картоп өндірісі – жергілікті тұрғындардың негізгі кәсібінің бірі. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған қолдау шаралары шаруалардың өндірісін кеңейтуіне, өнімді өңдеуге және жаңа кәсіп түрлерін қолға алуына жол ашады.
Сонымен қатар Райымбек ауданының туристік әлеуеті де жоғары. Табиғи көрікті жерлерге апаратын жолдарды жақсарту, туристік нысандардың инфрақұрылымын дамыту – ауданның экономикалық мүмкіндігін арттыратын бағыттардың бірі.
Президент тапсырмаларының жергілікті жерде жүзеге асуы ең алдымен нақты нәтижемен өлшенеді. Жолдың жөнделуі, ауыл шаруашылығының дамуы, жаңа кәсіптің ашылуы, жастарға мүмкіндік жасалуы және мемлекеттік қызметтердің қолжетімді болуы – жалпыұлттық міндеттердің аудан өміріндегі көрінісі.
Сондықтан Жолдауда белгіленген мақсаттарды орындау – тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Бұл іске кәсіпкерлер, шаруалар, жастар және жалпы аудан тұрғындары өз үлесін қоса алады. Ел дамуы үлкен стратегиялық жоспарлардан басталғанымен, оның нақты нәтижесі әр ауылдағы өзгерістен көрінеді.

