Райымбек ауданының 90 жылдық мерейтойы аясында Қызылшекара ауылында Жанбаба ата ұрпақтарының ел игілігіне тарту еткен жаңа саябағы ашылды. Туған жерге деген перзенттік парызды ұлықтаған игі бастама ауыл тұрғындары үшін қуанышты жаңалыққа айналды.
Салтанатты шараның шымылдығы жырмен ашылды. Елдің қуанышын жырға қосқан жырау Серік Сүйіндік Жанбаба ата ұрпақтарына, туған жерге және ел бірлігіне арналған арнауын жеткізді.
Саябақтың сәнін келтіріп, ұлттық құндылықтарды айшықтайтын арнайы стелланың ашылу рәсімі салтанатты түрде өтті. Стелланы Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Айыпжан Қаптағаев, Алматы облысы және Райымбек ауданының құрметті азаматы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекболат Бірбаев, ҚР Мәдениет қайраткері, Райымбек, Кеген және Жамбыл аудандарының құрметті азаматы Тәңірберген Қасымберкебаев және ауыл ақсақалы Семетай Абдихалықов ашты. Салтанатты сәтте ақ жаулықты әжелер шашу шашып, жаңа нысанның ашылуына ақжолтай тілегін білдірді.
Жаңа саябақтағы ұлттық нақыштағы нышандар – өскелең ұрпаққа ата-баба тарихын, елдік дәстүр мен рухани құндылықтарды танытатын тағылымды дүние. Мұнда ұлттық болмыс пен табиғи ортаның үйлесімі сақталып, ауыл тұрғындарының тынығып, уақытын мазмұнды өткізуіне қолайлы орта қалыптасқан.
Салтанатты жиында аудан әкімі Дастан Құдабаев құттықтау сөз сөйлеп, игі бастаманың маңызына тоқталды. Сонымен қатар Тәңірберген Қасымберкебаев Жанбаба ата ұрпақтары атынан саябақтың бой көтеруіне үлес қосқан азаматтарға алғыс білдірді. Бекболат Бірбаев пен Айыпжан Қаптағаев та көпшілікке ізгі тілектерін жеткізіп, ел игілігіне бағытталған мұндай бастамалардың маңызын атап өтті.
Жанбаба атадан тараған ұрпақтардың ауызбіршілігі мен туған жерге деген жанашырлығы – кейінгі буынға өнеге. Саябақтың ашылуында ауыл ақсақалы Семетай Абдихалықов ақ батасын беріп, жаңа нысанның ел игілігіне қызмет етуіне тілегін білдірді.Жанбаба ата ұрпақтарының өзара бірлігі мен ортақ мақсатқа жұмылған еңбегінің нәтижесінде бой көтерген саябақ – Қызылшекара ауылының көркіне көрік қосқан нысан ғана емес, туған жерге жасалған тағылымды тарту. Алдағы уақытта мұнда мәдени, спорттық және қоғамдық шаралар өткізіліп, ауыл тұрғындарының бас қосатын сүйікті орнына айналмақ.
Салтанатты шара ауданның көркемөнерпаздары мен ауыл өнерпаздарының қатысуымен әзірленген мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты. Өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Елге қызмет ету – үлкен істен ғана емес, туған жердің көркеюіне қосылған әрбір нақты қадамнан басталады. Қызылшекарадағы жаңа саябақ – Жанбаба ата ұрпақтарының туған жерге деген құрметі мен кейінгі ұрпаққа қалдырған игі аманаты.
Аружан БЕКСҰЛТАН

