Шетелде білім алу – көптеген жастың арманы. Өзге елдің оқу жүйесімен танысу, шет тілін жетілдіру, жаңа ортада тəжірибе жинау кімге де болса қызық. Бүгінде мұндай мүмкіндікке қол жеткізу үшін міндетті түрде шетелдік университетке оқуға түсу шарт емес. Қазақстандағы жоғары оқу орындарында білім алып жүріп те бір семестрді өзге елде өткізуге болады. Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері де халықаралық білім беру бағдарламалары арқылы шетелдік жоғары оқу орындарында білім алып, тəжірибе жинақтап жүр.
ҚазҰУ-да академиялық ұтқырлық бағдарламаларына ерекше көңіл бөлінеді. Университеттің ресми мəліметіне сүйенсек, жыл сайын 1200-ден астам білім алушы халықаралық білім беру жəне ғылыми бағдарламалар аясында шетелде оқып, ғылыми тағылымдамадан өтеді. Олардың қатарында бакалавриат студенттерімен бірге магистранттар мен докторанттар да бар.
Университеттің шетелдік оқу орындарымен байланысы Еуропа, Азия жəне басқа да аймақтарды қамтиды. Германия, Франция, Италия, Испания, Оңтүстік Корея, Түркия, Жапония секілді елдердегі университеттермен білім жəне тəжірибе алмасу мүмкіндіктері қарастырылған. Дегенмен қай елге баруға болатыны студенттің мамандығына, оқу бағдарламасына жəне сол кезеңде жарияланған байқау шарттарына байланысты.
Бір семестр – жаңа тəжірибе
Академиялық ұтқырлықтың басты ерекшелігі – студенттің белгілі бір уақыт аралығында шетелдік университетте оқып, кейін өз оқу орнына қайта оралуы. Алдын ала келісілген пəндер бойынша алған бағалары мен оқу кредиттері ҚазҰУ-да есепке алынуы мүмкін. Шетелде өткізген бір семестрдің өзі жас адамның өміріне өзгеріс əкеле алады. Бейтаныс ортаға үйрену, күнделікті тұрмысты өз бетінше реттеу, өзге тілде білім алу – мұның бəрі дербестікке үйретеді. Əртүрлі елден келген жастармен араласу арқылы дүниетаным кеңейіп, өз еліңнің мəдениетіне де басқа қырынан қарай бастайсың.
Мұндай сапардың қызығы тек жаңа қалаларды аралаумен шектелмейді. Ең маңыздысы – өзге елдегі сабақ беру тəсілдерін көру, білімді бағалау тəртібімен танысу жəне мамандыққа қатысты жаңа мəліметтер алу.
ҚазҰУ жастары Норвегияда білім алды
Академиялық ұтқырлықтың нақты мысалдарының бірі – ҚазҰУ студенттерінің Норвегиядағы тəжірибесі. 2026 жылдың көктемгі семестрінде университеттің «Халықаралық құқық» білім беру бағдарламасының екінші курс студенттері Мұхтар Ергөбек, Дəриягүл Қабидолла жəне Диана Рысмағамбет Erasmus+ ICM бағдарламасы арқылы Берген университетінде бір семестр оқыды.
Олар Норвегияның құқықтық білім беру жүйесімен танысып, мамандықтары бойынша білімдерін толықтырды. Оқу мерзімі аяқталған соң Қазақстанға оралды. Бұл сапар ҚазҰУ мен Берген университеті арасындағы ынтымақтастық негізінде ұйымдастырылды. Екі оқу орны 2025–2028 жылдарға арналған Erasmus+ ICM жобасы бойынша студенттер мен оқытушылар алмасуды көздеген. Осындай мысалдар шетелде білім алу мүмкіндігі тек қағаз жүзіндегі жоспар емес, студенттер пайдаланып жүрген нақты бағдарлама екенін көрсетеді.
Халықаралық бағдарламаларға қалай қатысуға болады?
Шетелде оқуды жоспарлаған жастар үшін ең алдымен оқу үлгерімі мен тіл білу деңгейі маңызды. Əр бағдарламаның өз талабы бар. Мəселен, кейбір Erasmus+ байқауларына қатысу үшін GPA көрсеткіші кемінде 3,5, ал шет тілін меңгеру деңгейі B2 болуы қажет. Сонымен қатар студенттің таңдаған шетелдік университетіндегі пəндер өз мамандығына сəйкес келуі тиіс. Құжат тапсыру кезінде академиялық үлгерім туралы анықтама, тіл сертификаты, төлқұжат жəне басқа да қажетті құжаттар сұралады. Шетелде оқудың шығынын өтеу тəртібі де əртүрлі. Кейбір бағдарламалар жолақы, тұру жəне сақтандыру шығындарын қаржыландырса, енді бірінде студент бұл шығындарды өзі көтереді.
Сондықтан өтініш бермес бұрын бағдарламаның барлық шартын мұқият оқып шыққан жөн. ҚазҰУ-да жастарға осы мəселелерді түсіндіру үшін арнайы кездесулер де өткізіледі. Биылғы 21 қыркүйекте Экономика жəне бизнес жоғары мектебінде халықаралық білім беру мүмкіндіктеріне арналған ақпараттық кездесу ұйымдастырылды. Студенттер Erasmus+, Orhun, академиялық ұтқырлық жəне қос дипломдық бағдарламалар жөнінде мəлімет алды. Мұндай кездесулер шетелде оқуды мақсат еткен жастарға дайындықты неден бастау керектігін түсінуге көмектеседі.
Арманға жету дайындықтан басталады
Шетелде білім алғысы келетін студентке ең алдымен нақты мақсат қажет. Қай елде оқығысы келетінін, қандай пəндерді меңгеретінін жəне өзіне қай бағдарлама қолайлы екенін алдын ала анықтап алғаны дұрыс. Тіл үйренуді ерте бастау да маңызды. Өйткені халықаралық бағдарламаларға қатысуда шет тілін білу негізгі талаптардың бірі саналады. Бұған қоса оқу үлгерімін жақсартып, университет жариялайтын хабарландыруларды қадағалап отыру керек. Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алып жүрген магистрант ретінде мұндай мүмкіндіктердің жастар үшін маңызы зор деп есептеймін.
Шетелдік университетте оқу – тек жаңа білім алу емес, өз қабілетіңді сынап көрудің, басқа елдің тəжірибесімен танысудың да жолы. Əсіресе өңірлерден үлкен қалаға білім іздеп келген жастар үшін халықаралық бағдарламалар жаңа мақсаттарға ұмтылуға себеп бола алады. Кеше ғана мектеп қабырғасында шетелде оқуды армандаған жас бүгінде сол арманын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін университетте білім алып жүр.
Əрине, шетелде оқу бəріне бірдей оңай бұйыра бермейді. Байқаудан өту, тілдік талаптарды орындау, құжат жинау уақыт пен еңбекті қажет етеді. Дегенмен тыңғылықты дайындалған студент үшін мұндай мүмкіндікке ұмтылудың өзі пайдалы тəжірибе. Бүгінде жастардың білім алатын ортасы бір қаламен немесе бір елмен шектелмейді. ҚазҰУ ұсынатын халықаралық бағдарламалар да соның айғағы. Ең бастысы – сол мүмкіндіктер туралы дер кезінде біліп, өз мақсатыңа қарай əрекет ету.
Автор: Шерхан Амандық
Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, «Мемлекеттік аудит» білім беру бағдарламасының 2-курс магистранты.
Г.К. Нургалиева — экономика ғылымдарының кандидаты, Қаржы және есеп кафедрасының профессоры.

