Домойhantengrigazeti.kz ақпаратАлматы облысында «Алатау» өңірлік ипотекалық бағдарламасына қатысушылар санаты кеңейтілді

Алматы облысында «Алатау» өңірлік ипотекалық бағдарламасына қатысушылар санаты кеңейтілді

Алматы облысының мәслихатының 2026 жылғы 17 маусымдағы №51-300 шешіміне сәйкес «Алатау» өңірлік ипотекалық бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Бағдарламаның жаңа редакциясында жеңілдетілген тұрғын үй қарызына үміткер бола алатын азаматтардың тізбесі кеңейтіліп, қатысушыларға қойылатын талаптар, іріктеу тәртібі және қажетті құжаттар тізбесі нақтыланды.

Бағдарламаға 18 жастан 60 жасқа дейінгі, соңғы 24 ай ішінде Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үйі болмаған және жұмыс орны мен еңбек өтілі бойынша бағдарлама талаптарына сәйкес келетін Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.

Бағдарламаға мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, энергетика және коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік сала бағыттарында қызмет атқаратын мемлекеттік коммуналдық ұйымдардың қызметкерлері, сондай-ақ тиісті мәртебесі бар спортшылар қатыса алады. Сонымен қатар БАҚ қызметкерлері мен жоғары спорттық жетістіктері бар спортшылардың санаттары нақтыланды.

Тұрғын үй қарызы Қонаев қаласындағы бастапқы нарықтан тұрғын үй сатып алуға беріледі. Қарыздың ең жоғары сомасы – 30 млн теңгеге дейін, кредиттеу мерзімі – 19 жылға дейін, пайыздық мөлшерлемесі – жылдық 5%, бастапқы жарна – 10%-дан бастап.

Осылайша, «Алатау» бағдарламасының жаңартылған талаптары жеңілдетілген шарттармен тұрғын үй сатып алу мүмкіндігіне ие азаматтардың қатарын кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл ретте бағдарлама талаптарына сәйкес келген жағдайда, Алматы облысының кез келген елді мекенінде тұратын азаматтар қатыса алады. Ал бағдарлама шеңберінде сатып алынатын тұрғын үй Қонаев қаласында орналасуы тиіс.

Бағдарламаның іске асырылуы азаматтардың жекелеген санаттары үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға, сұранысқа ие мамандарды қолдауға және олардың Алматы облысында тұрақтап жұмыс істеуіне қосымша жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Жаңалықтар