Бүгін Каспий теңізі күні атап өтілуде. Осыдан 20 жыл бұрын дәл осы күні Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенция, яғни Тегеран конвенциясы күшіне енді.Каспий теңізі күні қарсаңында «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы шеңберінде «Caspian Sea Action Week 2026» халықаралық волонтерлік апталығы өткізілуде.Апталық іс-шараларына Каспий маңы мемлекеттері – Әзербайжан, Ресей Федерациясы, Иран және Түрікменстанның делегациялары, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан өкілдері, волонтерлер, экологиялық белсенділер, сарапшылар мен жастар қатысты.6 тамызда Халықаралық волонтерлік апталықтың салтанатты ашылу рәсімі өтті.6–7 тамызда экологиялық мониторингтің заманауи технологияларына және Каспий маңы елдері жүргізіп жатқан ғылыми зерттеулерге арналған халықаралық семинар мен дөңгелек үстел өтті.Іс-шаралар Каспий маңы мемлекеттерінің өкілдерін, сарапшыларды, ғалымдар мен қоғам өкілдерін біріктіріп, тәжірибе алмасуға және Каспий теңізінің бірегей экожүйесін сақтау мақсатында ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.Келесі күндері мазмұнды экологиялық және ағартушылық бағдарлама жүзеге асырылды. «Бір Каспий – бір болашақ» фасилитациялық сессиясы және «Caspian Team Building» іс-шарасы барысында қатысушылар Каспийді сақтаудың ортақ мақсаттары мен тәсілдерін талқылап, тәжірибе алмасты және түрлі елдердің волонтерлік қауымдастықтары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтты.Негізгі іс-шаралардың бірі 8 тамызда Ақтау қаласында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаевтың қатысуымен өткен «Caspian Clean Challenge» халықаралық экологиялық марафоны болды. Волонтерлер плоггинг форматында жағалау аумағында ауқымды тазалық жұмыстарын жүргізіп, қалдықтарды жинау және сұрыптауды жүзеге асырды, сондай-ақ экологиялық бастамалар мен жасыл технологиялармен танысты. Сол күні «Каспий өңірі волонтерлерінің достық аллеясы» ашылып, онда 80-нен астам ағаш отырғызылып, болашақ ұрпаққа арналған үндеулер жазылған «Уақыт капсуласы» орналастырылды.9 тамызда Бозжыра шатқалында «Bozzhyra Clean Up» акциясы өтті. Қатысушылар Маңғыстаудың бірегей табиғи ландшафтарымен танысып, табиғи аумақтың тазалығын сақтауға бағытталған экологиялық сенбілік өткізді.Апталық аясында экологиялық проблемаларды шешудің заманауи жолдарын іздеуге ерекше көңіл бөлінді. 10–11 тамызда «Caspian Innovation Lab» халықаралық хакатоны өтті. Оның қатысушылары Каспий өңірінің экожүйесін сақтауға бағытталған жобаларды әзірлеп, сарапшылар назарына ұсынды. Сонымен қатар TED форматында ашық микрофон ұйымдастырылып, ол экобелсенділер мен сарапшылар арасында тәжірибе алмасуға және өзекті экологиялық мәселелерді талқылауға арналған алаңға айналды.Апталықтың қорытынды іс-шарасы 12 тамызда өтетін «Caspian Talks» халықаралық волонтерлер саммиті болады. Саммит волонтерлік қозғалыс пен сарапшылар қауымдастығының өкілдерін біріктіреді. Саммит аясында халықаралық хакатон жеңімпаздарын марапаттау рәсімі және тәжірибе алмасу мен өзекті экологиялық сын-қатерлерді талқылауға арналған панельдік сессия өткізіледі. Апталық салтанатты жабылу рәсімімен аяқталады.Осылайша, «Caspian Sea Action Week 2026» экологиялық акцияларды, волонтерлік бастамаларды, сараптамалық диалог пен жастар ынтымақтастығын біріктірген халықаралық алаңға айналды. Өткізілген іс-шаралар Каспий теңізін сақтау мәселелеріне назар аударуға, экологиялық мәдениетті дамытуға және өңір елдері өкілдерінің қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзара іс-қимылын нығайтуға ықпал етті.

