Алматы облысында 2024-2025 оқу жылының басында оқушылар саны 14 мың балаға артып, 367 325-ке жетті. Бұл туралы Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Диана Тетенқызы арнайы брифинг барысында мәлімдеді. Оның айтуынша, өңірде білім беру сапасын арттыру, мектеп инфрақұрылымын жаңғырту және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.«Біздің міндетіміз – әр балаға сапалы білім мен қауіпсіз ортада білім алуға жағдай жасау. Осы мақсатта жаңа мектептер салу, бар нысандарды жаңғырту және мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеру бойынша жүйелі шаралар қолға алынған», – деді Диана Тетенқызы.Бүгінгі таңда облыстағы 479 мектепте 367 325 оқушы білім алса, мектепке дейінгі ұйымдарда 91 916 бала тәрбиеленуде. Балалардың санының қарқынды өсуіне байланысты үш ауысымды мектептердің санын азайту үшін «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде 53 жаңа мектептің құрылысы жоспарланып отыр. Биылдың өзінде 7 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, мыңдаған оқушы заманауи білім беру ортасында оқу мүмкіндігіне ие болды.Мұғалімдердің біліктілігін арттыру мен оқушылардың білім деңгейін көтеру мақсатында өңірде «50 табысты мектеп» жобасы іске асырылуда. Бұл жоба аясында 3817 мұғалім мен 58 мыңнан астам оқушы арнайы біліктілігін арттыру курстарынан өтті. Сонымен қатар, облыс мектептері заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, оқулықтармен 100% қамтылды.Балалардың қауіпсіздігі мен әлеуметтік қолдауға ерекше назар аударылуда. Биыл 186 773 бала тегін ыстық тамақпен қамтылып, асханасы жоқ 36 шағын жинақталған мектепте 6648 оқушы буфеттік тамақпен қамтамасыз етілді. Қауіпсіздік шараларының шеңберінде 371 мектеп жедел басқару орталықтарына қосылып, қауіпсіздік деңгейі айтарлықтай жақсартылды.Инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да қарқын алуда. 2023 жылдан 2024 жылға өтпелі кезеңде 8 мектеп, 1 мектеп жанындағы интернат және 1 балабақшада жөндеу жұмыстары басталды. Ал 2024 жылы тағы 11 мектеп, 1 балабақша, 1 колледж және 1 өнер мектебінде сейсмикалық күшейту арқылы күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Барлығы 24 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде деп қорытындылады спикер.