2025 жылы елімізде қаржылық ашықтықты қамтамасыз ету және көлеңкелі экономиканы азайту мақсатында жалпыға бірдей декларациялау жүйесі іске қосылады. Бұл туралы Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Олжас Отар мәлімдеді.Жаңа жүйе аясында шетелде орналасқан жылжымайтын мүлік, көлік құралдары, банктік шоттардағы қаражаттар, бағалы қағаздар, брокерлік шоттар, антиквариат және интеллектуалдық меншік сияқты активтер есепке алынатын болады. Сонымен қатар, қолма-қол қаражат көлемі 10 000 АЕК-тен асатын азаматтар оны 2024 жылдың соңына дейін банктік шоттарға аударуы тиіс.
Сондай-ақ, Қазақстанда және шетелде 20 000 АЕК-тен (2024 жылы 73 840 000 теңге) асатын ірі сатып алулар жасаған тұлғаларға да декларация тапсыру міндеттеледі. Бұл талап қаржылық тәртіпті нығайтып, салық төлеудегі жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
«Жалпыға бірдей декларациялау – бұл ел азаматтарының қаржылық жауапкершілігін арттыруға және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам», – деді Отар Олжас.
Декларацияны оңай әрі жылдам тапсыру үшін e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы, «Электрондық үкімет» порталы (egov.kz) және Салық төлеушінің кабинеті (cabinet.salyk.kz) сияқты онлайн платформалар қолжетімді.
Жаңа жүйе арқылы азаматтардың қаржылық мәдениетін арттырып, ел экономикасының ашықтығына оң әсер етеді деп күтілуде. Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті тұрғындарды декларациялау жүйесіне алдын ала дайындалып, заң талаптарын уақытылы орындауға шақырады.