23 тамызда өтетін дауыс беру – әрбір азаматтың өз таңдауын білдіруге мүмкіндік беретін маңызды қоғамдық үдеріс. Қазақстан Республикасының қолданыстағы сайлау заңнамасына сәйкес, дауыс беру жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде, жасырын дауыс беру арқылы өткізіледі. Бұл қағидаттар әр азаматтың еркін таңдау жасау құқығын қамтамасыз етеді.
Бүгінгі ұсыныс – дауыс беру күніне алдын ала дайындалу. Ең алдымен өзіңіздің қай сайлау учаскесіне тіркелгеніңізді нақтылап алған жөн. Егер дауыс беру күні денсаулық жағдайына байланысты немесе басқа да дәлелді себептермен учаскеге бара алмайтын болсаңыз, заңнамада учаскеден тыс жерде дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Ол үшін сайлаушы дауыс беру күні жергілікті уақыт бойынша сағат 12:00-ге дейін учаскелік сайлау комиссиясына жазбаша өтініш беруі қажет.
Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясы азаматтарға сайлаушылар тізіміндегі деректерін алдын ала тексеруді ұсынады. Бұл дауыс беру күні артық уақыт жоғалтпауға және ұйымдастыру мәселелерінің алдын алуға мүмкіндік береді.
Қоғамның белсенділігі тек пікір білдірумен шектелмейді. Азаматтық жауапкершілік – заңмен берілген құқықтарды тиімді пайдалану және қоғамдық үдерістерге саналы түрде қатысу. Сондықтан әрбір сайлаушының алдын ала ақпаратпен танысып, дауыс беру тәртібін білуі маңызды.
Ұсыныс:
23 тамызда дауыс беру күніне алдын ала дайындалыңыз. Өзіңіздің сайлау учаскеңізді нақтылап, қажетті құжаттарыңызды әзірлеп, дауыс беру тәртібімен алдын ала танысып шығыңыз. Саналы таңдау – жауапты азаматтың белгісі.

