

Баланы дүниеге әкелетін — ана. Баланың бойына сіңіретін қасиеттері — ананың қасиеттері. Баланы тәрбиелеп, өмірге баулитын – ана. Перзентінің қуанышына шексіз қуанатын – ана… Баласының сәтсіздігіне күйінетін де — ана. Мінекей, адам өмірі үшін ең қажетті әрі басты рөл ойнайтын жан, ол-ана. Әкенің орнының тұғыры өз алдына биік, қастерлі.
Қоғамдағы қыз баласының, аяулы аналардың, ақ жаулықты әжелердің маңызды рөлін әркез тілге тиек етуден жалықпаймыз. Өйткені, болашақтың көрінісі — ана құрсағынан бастау алады. Ежелде, бір данышпан мынадай үлгілі әңгіме қалдырған екен. Бұрындары бір жүкті әйел аузы дуалы әулие кісіге келіп, бала тәрбиесін қай уақыттан бастау керектігін сұрайды. Сонда әулие, құрсаққа біткен балаға қанша ай болғанын сұрайды, анасы шақалаққа 3 ай болғанын айтты. Сонда әулие: ”сен баланы тәрбиелеуге үш айға кешігіп қалдың деп, тәрбиенің бала құрсаққа біткен 1 күнінен басталатынын айтқан екен.
Елімізде отбасы институтын нығайтып, ұрпақ тәрбиесінің озық үлгісін қалыптастыру мақсатында түрлі жобалар жүзеге асырылып, іс-шаралар ұйымдастырылады. Себеп анық. Ұрпақ тәрбиесі – келешектің кепілі.
“Мәдениетті ана- мәдениетті ұлт”- мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың нәзік жандылардың қоғамдағы рөлін айшықтау мақсатында ұйымдастырған арнайы жобасы. Аталмыш жобаны президентіміздің тапсырмасы бойынша республикалық Аналар кеңесі мен оның өңірлік кеңестері жүзеге асырып, аталған жоба бойынша жұмыстар атқаруда. Жоба негізгі 4 қызметтік бағыт аясында жүзеге асырылмақ, атап айтсақ, алғашқысы — “Еліне азамат тәрбиелеген отбасы”, екінші бағыт — “Бақытты ана — бақытты отбасы”, ал үшінші бағыт — “Тұғырлы отбасы- бақытты балалық шақтың бастауы” болса, соңғысы — “Жақсылыққа жетелейтін жандар”. Жобаны жүзеге асыру кезеңінің өзі 3 сатыдан тұрады, біріншісі- дайындық кезеңі болса, екіншісі — іске асыру кезеңі, үшіншісі- қорытынды кезең. Үшінші кезең бойынша, атқарылған іс-шараларды қорытып, олардан халықты хабардар ету қажет. Жақсы дүниені жариялаудан жалықпаймыз. Балжан Әбуқызының басшылығымен, аудандық қыз-келіншектердің, ақ жаулықты әжелердің қолдауымен отбасылық құндылықтарды дәріптеп, келешек ұрпақты тәрбиелеу мақсатында біздің ауданымызда да арнайы Аналар кеңесі қоғам игілігіне жұмыс жасайды. Мақсаты мағыналы жоба ықпалымен жүзеге асқан бірқатар шараларға көзайым болып та жүрміз. Олай болса, аталмыш жобаны қорытындылап, өткен шараларға шолу жасап көрелік.
Жыл басында аудан орталығы- Нарынқол ауылында “Өнегелі әже-тәрбиесі немере” атты дөңгелек үстелмен басталды. Қазақ қоғамында, ардақты әжелердің орны бір төбе. Жасы егде тартып, көпті көріп, өмірдің қалтарыс-бұлтарыстарын ажырата білетін, келер ұрпақтарға салиқалы сөзі бар әжелерден үлгілі кім бар?! Әрине, әже атына сай болса. Әженің қадірін арттыру мақсатында “Асыл әжем-ғасыр әжем” атты шара өткен.
Қыз баланың қылықты, биязы, инабатты, білімді болып бойжетуі алдымен анасының, одан кейінгі кезекте тегіс қоғамның жауапкершілігінде. Демек, әрбір қазақ қызына, қазақ қызының қалыптасқан образына сәйкес тәлім-тәрбие беруге барлығымыз жауаптымыз. Осы тұрғыда, ертеңгі ана, болашақ ұрпақ тәрбиелеуші ретінде жоғары сынып оқушылары арасында да бірқатар шаралар өтуде, мәселен, Нарынқол ауылында “Қыз намысы-ұлт намысы” атты дөңгелек үстел, Сарыжаз ауылында “Өзіңе деген махабат-өмірге деген махабат” атты пікірталас сайысы, “Бақытты ана-бақытты отбасы” шарасы, Текес ауылында “Асыл ана, ару қыз” шарасы, Талас ауылында “Инабатты келін, ибалы қыз” шарасы, Жамбыл ауылында Сағат Әшімбаев атындағы орта мектепте “Қыз өмірдің қызғалдағы” тақырыбында өнеге сағаты өтті. Көмірші елді мекенінде “Көктем аруы-2024” байқауы өтті.
Нарынқол ауылындағы О.Жандосов атындағы орта мектепте “Мамандығым-мақтанышым” атты мамандық кеші өтті. Мамандық — адам өміріндегі аса маңызды таңдау. Бұл тақырыпта мектеп түлектері үшін түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, түрліше шаралар өткізу- үлкен қажеттілік. Сарыжаз, Тегістік ауылдарында “Зиянсыз вейп жоқ” атты іс-шара, Сүмбеде “электронды темекінің зияндығы ” атты іс-шара өтті.
Қолөнердің қадірін ұғынып, ұлттық өнерді дәріптеу мақсатында Тегістік ауылында “Қолөнер-құндылығымыз” атты көрме ұйымдастырылды. Аталмыш шаралардан Қарасаз ауылы да құр алақан емес, “Зиянды заттар-жастардың болашағын жоятын қару” шарасы, “Еліне азамат тәрбиелеген аналар” тақырыбында кездесу, “Лудомания, вандализм, нашақорлық, ысырапшылдық” тақырыптарында түсіндіру сабақтары өтті.
Текес ауылында ата-аналар мен оқушылардың қатысуымен “Балаңды аяла”, “Вандализм, нашақорлық”, “Зорлық-зомбылыққа жол жоқ”, “Асыл ана, ару қыз”, “Қыз ұзату” дәстүріне қатысты, механизатор, құрмет белгісінің иегері Ұлбай Әшірбекқызының қатысуымен “Еңбегім-елім үшін” атты кездесу сынды шаралар өтті.
Ұрпақ тәрбиесінде ана мен әкенің жауапкершілігі тең. Әке — отбасының негізгі тірегі. Өзіндік мысы бар, бала үшін аласармас биік тұлға. Дегенмен, бүгінгі қоғамда әкелердің ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі әлсіреп, аналарға басымдық беріліп кеткен сынды. Дегенмен, бұл құбылыс жастар қатарында сирек кездеседі. Қазіргі жас әкелер өз рөлдерін жақсы біледі. Әкенің рөлін айшықтап, беделін биіктету мақсатында, Қақпақ елді мекенінде “Әке-асқар тау” атты әкелермен кездесу өтті. Иә, әдетте мектептегі болсын, басқа да сипаттағы ата-аналар жиналысына көпшілік аналар қатысып жатады, ал бұл кездесуде тек әкелер бой көрсетіп, әкенің жетекші рөлі сөз болды. Сондай-ақ, Талас ауылында “Әке-отбасының тірегі” тақырыбында дөңгелек үстел, Нарынқол ауылындағы Ораз Жандосов атындағы орта мектепте “Сіз қандай әкесіз?” тақырыбын арқау етіп, әкелер сайысы өткізілді.
Сарыжаз кәсіптік — техникалық колледжінде “Әйелдер психологиясының қалыптасуы”, “Лудомания” тақырыптарында студенттермен кездесулер өтті. Сарыжаз ауылында да біршама маңызды шаралар өтті. Мектептің жоғары сынып оқушыларымен “Нашақорлық — ғасыр дерті” мәселесіне қатысты дөңгелек үстел өтсе, оқушылар мен ұстаздардың қатысуымен “Лудомания деген не?” атты шолу сабағы өтті. Аналар алқасының ұйымдастыруымен арнайы қайырымдылық акциясы да өтті. 9 мамыр — Ұлы жеңіс күні мерекесіне орай, “Ерлікке тағзым” атты шара өтті.
Бала туылғаннан бастап, түрліше салт-дәстүрлер орындалып, игі ырымдар жасалатыны мәлім. Ұлттық сананы оятып, тарихы терең дәстүрлерімізді ұлықтау мақсатында да аудандық, ауылдық аналар кеңесі мүшелері мен төрайымдары аз еңбектенген жоқ. Сарыжаз ауылында “Баланы қырқынан шығару” рәсімі көрініс берген көлемді шара өтсе, Сүмбе ауылында “Шілдехана” рәсімі шарасы өтті. Шалғайдағы Талас ауылында “Бесік жыры — халқымыздың дәстүрі” тақырыбында іс-шара өтті. Өз кезегінде әжелер мен аналар әуезді үнімен жырлайтын бесік жырының бала тәрбиесіндегі рөлі аса маңызды. Ал бүгінгі күні аталмыш жыр қаншалықты насихатталуда? Аналар кеңесі дәстүрді жаңғыртып, бесік жырының теңдесіз қажеттілігін келер ұрпаққа түсіндірмекке бекініп, осындай сипаттағы шараны ұйымдастырды.
Жанға жағымды салт-дәстүрдің бірі — Бастаңғы. Осы дәстүр аясында Қайнар ауылында “Бастаңғы- ұлттық дәстүр” тақырыбын арқау етіп, берері мол кезекті шара өтті.
Жоба аясында танымал тұлғалармен кездесіп, олардың өнегелі өмірін үлгі ету де ұмытылмады. Мәселен, Қақпақ ауылында, осы ауылдың тумасы, мәжіліс депутаты Ардақ Назаров мырзамен кездесу орын алды.
Сонымен қатар, ауданымызда “Аялы алақан, мейірімді жүрек” тақырыбында аналар форумы өтті.
Аудан қыз-келіншектеріне ерекше белсенділік сыйлаған үлкен іс-шараның бірі — “Ене, келін, қыз” байқауы. Нарынқол ауылындағы Б.Мұқай атындағы мәдениет үйінде өткен бұл шараның келіннің енемен, қайын әпке немесе қайын сіңілімен қарым-қатынасындағы проблемаларды анықтап, өзара сыйластықты ту етіп, отбасының ұйытқысын кіргізуге үлкен бағыт-бағдар болды десек, қателеспейміз. Сайысқа әр ауылдық округтен, бір отбасының өнегелі енесі, инбатты келіні мен қылықты қызы қатысты.
“Мәдениетті ана-мәдениетті ұлт” жобасы осындай шараларды ойдағыдай өткізіп, өз мәресіне жетті. Жоғарыда аталған әрбір іс-шараның артында қажырлы еңбектің жатқаны белгілі. Бұл тек жоспар аясында өтуі тиіс болған шаралар емес, ұрпақ тәрбиесіне едәуір үлес қосып, аналардың, қыз-келіншектердің көзқарасына әсер етіп, ауданымыздың нәзік жандыларына тәрбиенің озық үлгісін ұсынып, ашық диалог құруға көмектесті.
“Мәдениетті ана-мәдениетті үлт” жобасы аяқталғанымен, аналар кеңесі қол қусырып қарап отырмақ емес. Жаңа жыл — жаңа жоба бастауы болмақ. Алдағы уақытта “Салауатты сана” жобасы өз жұмысын бастамақ. Жоғарыда аталғандай, ұрпақ тәрбиесі — барша қоғамға ортақ іс. Сол себепті, аудан көлеміндегі аталған жоба аясындағы іс-шараларға белсенділік танытып, Аудандық аналар кеңесінің әрбір бастамасын қолдау маңызды.
Ақерке БИЖАН