Биыл Қазақстан мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды күш саналатын институттың Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыруда да рөлі зор. Аталған мерекеге орай аудандық Баққожа Мұқай атындағы мәдениет үйінде аудандық мәслихаттың ұйымдастыруымен мерекелік шара өтті. Мерекелік жиынға Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Қуат Байғоджаев, аудан әкімі Дүйсенбаев Берік Фатықұлы және орынбасарлары, аудан прокуроры Мырзабеков Әлібек Хажымұханұлы, бөлім басшылары, мекеме басшылары, сонымен қатар ауданымыздың 8 шақырылымындағы депутаттар қатысты.
Салтанатты жиынның басы жалпы Қазақстан мәслихаты және аудан мәслихаты туралы арнайы дайындалған бейнероликпен басталды. Қазақстан мәслихаттарына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған салтанатты сессияны аудандық мәслихаттың төрағасы Мүсірбаев Самат Сартаубайұлы ашық деп жариялады. Әнұран шырқалғаннан кейін, мерекеге жиналған депутаттар өмірден өткен әріптестерін үнсіздікпен еске алды.
Аудан мәслихатының тыныс-тіршілігі жөнінде аудандық мәслихаттың төрағасы С. Сартаубайұлы кең көлемде баяндама жасады. Аудан әкімі Берік Фатықұлы мен Алматы облыстық мәслихат төрағасы Қ. Байғоджаев мерекелік лебіздерін жеткізіп, ақ тілектерін арнады.
Ауданның дамуына үлес қосқан бірінші шақырылымнан сегізінші шақырылымға дейінгі сайланған халық қалаулылары «Қазақстан мәслихатына – 30 жыл» мерекелік төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, ауданнан сайланған Алматы облыстық мәслихат депуттары, бірқатар ауыл әкімдері мен мекеме басшыларына жоғарыда аталған төсбелгі табыс етілді. Мерекелі күннің салтанатты ссесиясы жабық деп жарияланып, шараның соңында аудандық көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасы тамашаланды.
«ХАНТӘҢІРІ»