-8.1 C
Нарынкол
spot_img
Домойhantengrigazeti.kz ақпаратШӘКІРТ ЖҮРЕГІНЕН ОРЫН АЛА БІЛГЕН ЖАН

ШӘКІРТ ЖҮРЕГІНЕН ОРЫН АЛА БІЛГЕН ЖАН

     Адам баласы қанша жасқа келсе де, өмірінің қай кезеңіне аяқ басса да санасына сәуле түсіріп, қанатын қатайтып, бағдарын айқындаған белгілі бір жандарды ұмытпасы анық. Мәселен, бала шақтан болашаққа жол сілтеп, білім беріп қана қоймай, өмірдің қалтарыс-бұлтарысын айқындауға бейімдейтін, жаныңа жақын ұстаздарды ұмыту мүмкін бе?! Әріптестері арасында “сабырлылықтың” символы, шәкірттері үшін бойында даналық пен парасаттылық билік құрған Сарқыт ұстаздың қашанда орны бөлек.

Иә, ұстаз- қашан да ұлағатты есім. Ұстаз болмаққа бекіну оңай, бірақ “нағыз ұстаз” абыройының беделі биік. Ұлағатты ұстаз атын ешқашан кір шалмаған  Серікова Сарқыт Әбдікәрімқызы 1964 жылы Текес ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Серікұлы Әбдікерім мырза мен анасы Кеншінбайқызы Сейлхан ханым.

Сарқыт Әбдікәрімқызы 1971 жылы Текес орта мектебінде 1 сынып табалдырығын аттап, 1981 жылы орта мектепті аяқтайды. Осылайша, 1981 жылы Қаскелең қаласындағы «Қаскелең мәдени ағарту» училищесіне оқуға түсіп, училищені 1984 жылы «Оркестр жетекшісі» мамандығы бойынша аяқтаған. Еңбек жолын 1985 жылы Карл Маркс совхозына қарасты “Қызғалдақ” балалар бақшасында музыкант болып бастаған. Кейіннен, 1990 жылы Қаратоған ауылындағы “Нұрбапа Өмірзақов атындағы орта мектепте” музыка пәні мұғалімі қызметіне келген. Күні бүгінге дейін аталған мектепте 30 жылдан астам уақыт ұстаздық қызметте. Дәл осы жылы желтоқсан айында Бөлекбаев Есболат мырзамен отау құрып, үш ұлды дүниеге әкелді. Сарқыт Әбдікәрімқызының тәлімді тәрбиесі бойына сіңген азаматтардың үлкені жеке кәсіпкер болса, ортаншысы — ел игілігіне қызмет етіп жүрген мемлекеттік қызметкер. Ал кенжесі, ана жолын қуып, ұстаздық қызметте. Сарқыт ұстаздан, бала тәрбиесі, аналық рөл, мансап, аяулы жар сынды әйел баласының қыруар міндеттері жайында, осының барлығын қатар алып жүрудің қиындығы мен қыр-сырын сұраған едік, жауабы жан сүйсіндірді. “Өмірдегі барлық игіліміз — балаларымыз үшін! Балаларым — көзімнің нұры, көңілімнің қуанышы.  Ұл бала болғандықтан да шығар,  балаларымның тәрбиесінде әкелерінің үлесі орасан зор болды. «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды», деген нақылдың өзі «әкенің» қадір-қасиетін  артық ауыз сөзсіз-ақ ұғындырып тұр. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында әкелері ұлдарын мейірім-махаббатына бөлеп, тәлім-тәрбиені де бойларына сіңіріп кетті. Ұлдарымның бойындағы ер мінезділік, өжеттілік, мәрттік қасиеттер әкелерінен дарыған. Қаншама адамгершілік қасиеттерді ақылмен айтып қана қоймай іс-әрекетімен көрсетіп, үйретіп ұлдарына үлгі болып кете барды. «Әкеге қарап ұл өсер»,- демекші,  Әкесінің қадірін түсінген ұлдар жаман болмады. Қазіргі күнге дейін балаларым көңіліме кірбің түсіріп көрмеді, ешкімнің ала жібін аттамай ар жолында, адал еңбектерімен, өз күштерімен тіршілік етіп келеді. Алла көрсеткен сол балалардың амандығы- Аналық ақ тілегім. Жаратқанның берген күш- қуатының арқасында, отбасымның қолдауының арқасында барлығын қатар алып жүріп келемін. Әр адамның тағдыры әртүрлі болғандықтан, әр адамға қиыншылығы да әртүрлі соғуы мүмкін. Тағдырыма ризамын”, деп парасатты жауабын берген еді.

Сарқыт ханым музыка пәнінің мұғалімі екенін жоғарыда атап өттік. Қазақ халқының ән-күйге жақындығын ескерсек, музыка пәнінің қажеттілігін терең түсінеміз. Осы тұста, этнограф ғалым Григорий Потаниннің “маған күллі қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді” деп, халқымыздың өнермен біте қайнасқан өміріне берген бағасы ойға оралады. Сарқыт апайдың музыкаға қызығушылығының бастауы — ұлттық аспап домбыраға қызығушылығынан бастау алған. Сонымен қатар, ұстаз мерейінің тағы бір айқын көрінісі — Сарқыт ұстаздың домбыраға ерекше қызығушылығының мамандық таңдаумен ұштасуына септігін тигізген, ұстаздың ұстазы- домбыра үйірмесінің жетекшісі — Бексейіт Нүсіпбеков. Өнерлі ұстазымыз, мектептегі музыка пәнінің маңыздылығын былай түсіндірді: “Музыка — адамның өмір бойы серігі. Музыкалық тәрбие — эстетикалық тәрбиенің көзі. Мектепте барлық пәндер сияқты, музыка пәніде оқушыларды азаматтық рухта тәрбиелеп,  олардың дүниетанымын дамытып, ой-өрісін кеңейтуді, сонымен қатар музыка саласында білімін жетілдіруді мақсат етеді. Алайда музыка жәй пән емес, өнер пәні болғандықтан оның өзіндік ерекшеліктерімен атқаратын міндеттері өте көп.  Мектепте музыка сабағы оқушыларды әсемдік әлемінің таңғажайып сырын терең түсініп, көркемдік атаулыны шынайы сезінуге, одан рухани ләззат, әсер алуға, өмір жайлы ой толғауға, ізгілік мұрат — мақсаттарға жетелеп, өнегелі істерге баулиды. Атақты ғалым Аристотель  адамның жан-жақты мәдени және рухани дамуына ерекше мән беріп, әсіресе, өнер, соның ішінде музыка — адамдарды тәрбиелеудің негізгі құралы,- деп таныған”

Сарқыт ұстаз адамдық қасиеттерге ие болып, адам атқа сай өмір сүрудің қарапайым формуласын ұсынады. «Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Бұл — ұлағатты ұстаздың өмірлік ұстанымына айналған һәкім Абайдын даналығы.

Ақерке БИЖАН

Жаңалықтар