2026 жылдың алғашқы бес айында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне азаматтардан 1663 өтініш келіп түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6 есеге көп. Бұл көрсеткіш азаматтардың өз құқықтарын қорғауға деген белсенділігінің артқанын және заңнамамен көзделген қорғау тетіктерін тиімді пайдалана бастағанын көрсетеді, деп мәлімдеді департамент басшысының орынбасары Ермек Әбікенов баспасөз мәслихатында. Өтініштердің басым бөлігі электрондық сауда, тұрмыстық қызмет көрсету, білім беру, коммуналдық және медициналық қызметтер саласына қатысты болды. Әрбір өтініш Департаменттің құзыреті шегінде жеке қаралып, қажетті шаралар қабылдануда.Есепті кезеңнің қорытындысы бойынша:• 70 жоспардан тыс тексеру жүргізілді;• 2 миллион теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл салынды;• тұтынушыларға 42,4 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды.«Департамент дауларды сотқа дейінгі тәртіппен реттеуге ерекше назар аударады. Нәтижесінде көптеген даулар сотқа жеткізілмей шешіліп, азаматтардың бұзылған құқықтары жедел қалпына келтірілуде. Бұл өз кезегінде әлеуметтік шиеленісті төмендетуге ықпал етеді»,-деп айтты спикер.Бақылау жұмыстарымен қатар халық арасында кең көлемді ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары тұрақты түрде жүргізілуде. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы тұтынушылардың құқықтары, оларды қорғау тәртібі, сондай-ақ интернет арқылы сауда жасау кезінде сақтық шаралары жөнінде түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылуда.Сонымен қатар интернет-алаяқтықтың алдын алу және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде.Өтініштерді талдау нәтижелері кәсіпкерлік субъектілерінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнама талаптарын сақтау жауапкершілігін одан әрі күшейту қажеттігін көрсетіп отыр.Алдағы уақытта Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, тұтыну нарығындағы заңдылықты қамтамасыз ету және халықтың құқықтық мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстарын жалғастырады.

