Қазіргі таңда интернет адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Онлайн сауда жасау, банк қызметтерін пайдалану, әлеуметтік желілерде байланысу күнделікті дағдыға айналғанымен, интернет кеңістігінде алаяқтық әрекеттер де көбейіп келеді. Сондықтан әр азамат интернет алаяқтарының айла-тәсілдерін біліп, сақтық шараларын ұстануы қажет.Интернет алаяқтық – адамдарды алдап, олардың ақшасын, жеке мәліметтерін немесе банк карталарының деректерін заңсыз иемденуге бағытталған қылмыстық әрекет. Алаяқтар көбінесе әлеуметтік желілер, мессенджерлер, электрондық пошта және жалған сайттар арқылы әрекет етеді.Соңғы жылдары кең таралған алаяқтық түрлерінің бірі – банк қызметкері болып хабарласу. Олар өзін банк немесе құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырып, азаматтардың шотындағы қаражатқа қауіп төніп тұрғанын айтып, құпия мәліметтерін алуға тырысады. Сондай-ақ интернет-дүкендердегі жалған жарнамалар, инвестициялық жобаларға ақша салуға үгіттеу, ұтыс ойындары туралы жалған хабарламалар да жиі кездеседі.Интернет алаяқтарының құрбаны болмау үшін бірнеше қарапайым ережені сақтау қажет. Біріншіден, банк картасының нөмірін, CVV кодын және SMS арқылы келген растау кодтарын ешкімге беруге болмайды. Екіншіден, күмәнді сілтемелерге өтпеу және белгісіз қосымшаларды жүктемеу керек. Үшіншіден, интернет арқылы сатып алу кезінде тек сенімді сайттарды пайдалану маңызды.Егер интернет алаяқтарының әрекетіне тап болсаңыз, дереу банкке хабарласып, картаңызды бұғаттап, құқық қорғау органдарына арыз беру қажет. Уақытылы әрекет ету қаржылық шығынның алдын алуға көмектеседі.Қорытындылай келе, интернет алаяқтық – қоғам үшін өзекті мәселе. Әрбір азамат цифрлық сауаттылығын арттырып, қауіпсіздік ережелерін сақтаған жағдайда ғана алаяқтардың арбауына түспейді. Интернет мүмкіндіктерін тиімді пайдалану үшін қырағылық пен сақтық әрдайым басты орында болуы тиіс.

