

Ағымдағы аптада, аудандағы ІІМ жергілікті атқарушы органдары мен аудандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері 15-19 маусым аралығындағы республикалық “Ішімдіксіз ауыл” профилактикалық іс-шаралар аясында, спирттік ішімдіктерді сату мен қолданудан бас тартқан Жаңа Текес және Көкбел ауылдық округтеріне арнайы ат басын бұрып, “ішімдіксіз ауылдардың” ахуалымен танысып қайтты. Ескере кететін бір жайт, 15-19 маусым аралығында Республика көлемінде “ішімдіксіз ауыл” профилактикалық іс-шарасы өтуде.Спирттік ішімдіктерді тұтыну – адам ағзасына орасан зор кесел тудырумен қатар, оның қоғамдағы беделіне нұқсан келтіріп, тіптен, өзге адамдарға зиян тигізуіне ықпал етеді. Қоғамда сан түрлі қылмыстардың басым бөлігі – алкогольдік ішімдіктердің салдары. Спирттік ішімдікті тұтынған адам өз-өзіне деген бақылауды жоғалтып, қоғам үшін қауіпті тұлғаға айналады.Пайдасы жоқ, зияны көп ащы судан бастартып, салауатты өмір салтын негізге алған Жаңа Текес ауылында тек оң өзгерістер орын алуда. Жастар уақыттарын тиімді пайдаланып, мейлінше жаман әдеттен аулақ. Ауыл тұрғыны Барқытова Күләш апайымыздың сөзіне қарағанда, той-томалақ, жиындардың барлығы дерлік алкогольді ішімдіксіз өтеді. Сондай-ақ, ауыл тұрғыны Мұхамәден Бауыржан жастардың спорттық жетістіктерін тілге тиек етіп, Ауыл тұрғындарының басым бөлігі салауатты өмір салтын ұстануға дағдыланып келе жатқанын сөз етті. Райымбек аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Санат Демеуовтің айтуынша, Жаңа Текес ауылында соңғы жылдары ешқандай қылмыс тіркелмеген.Ішімдіктен бас тартқан келесі ауыл – Көкбел ауылы. Шағын елді мекен тұрғындары да өз кезегінде спирттік ішімдіктерді дүкен сөрелерінен түбегейлі алып тастаған. Зиянды сусынның кесапатын жақсы түсінген тұрғындар одан саналы түрде бас тартқан көрінеді.Ауыл тұрғыны Қасымбаев Қуаныш мырзаның айтуынша, ішімдіксіз ауылға айналудың негізгі себебі – ауыл тұрғындарының бірлігі мен ынтымағы. Оның пікірінше, ауылдағы татулық пен өзара түсіністік тұрғындардың дұрыс таңдау жасап, салауатты өмір салтын ұстануына оң ықпал еткен.

