12.2 C
Нарынкол
spot_img
ДомойБас тақырып | О главномЕркін күрестен ашық біріншілік өтті

Еркін күрестен ашық біріншілік өтті

     Жуырда ауданымыздың спорт жаңалықтары тағы бір игі шарамен толықты. Қазан айының 19 жұлдызында Сүмбе ауылындағы су жаңа спорт кешенінде жерлесіміз, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына және Республика күніне орай, жасөспірімдер арасында еркін күрестен Райымбек ауданы бойынша ашық біріншілік өтті. Аталған жарысқа Алматы облысының әр ауданынан 5 команда және Райымбек ауданының 8 ауылдық округінен жалпы саны 250 спортшы бақ сынасып, жарыс нәтижесінде Сүмбе ауылдық округінен 22 жасөспірім палуан күресіп, 10 палуан жеңіске жетті. Мерейі үстем жеңімпаздар есімін атап өтсек, Бақытұлы Ернар 1 орынды, Альмурат Рауан 2 орынды, Болатбек Әли 3 орынды иеленсе, Әуелхан Алихан 2 орынды, Қосдәулет Арман 3 орынды, Амірдін Ибраһим 3 орынды, Укен Алияр 3 орынды, Манапбай Заңғар 2 орынды, Базаркелді Айсултан 3 орынды қанжығасына байлады.

     Жарыс шымылдығы аудан әкімі аппараты басшысының міндетін уақытша атқарушы Дәукеев Талғат Садырұлының құттықтау сөзімен ашылды. Талғат Садырұлы өз сөзінде жасөспірімдер арасындағы спортты дамытудың маңызын атап өтіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

    Тарихы тереңде жатқан еркін күрес спортының еліміздегі жасөспірімдер арасында үлкен сұранысқа ие екендігі қуантады. Ауданымызда спорттың бұл түрімен айналысатын жасөспірімдердің біршамасы айтарлықтай жетістіктерге жетіп, аудандық спорттың дамуына үлес қосуда. Жалынды жасөспірімдер, жеңіс құтты болсын! Спорт- салауатты өмір кепілі екенін естен шығармаған абзал!

Айгүл ТАҒАЕВА,

Сүмбе ауылы

Жаңалықтар