

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Райымбек ауданындағы Нарынқол ауылының жұртшылығымен кездесу өткізді.Кездесуде жаңа Конституция жобасындағы меншік пен табиғи ресурстарға қатысты нормалар талқыланды. Атап айтқанда, 8-баптың 3-тармағына сәйкес жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, өзге де табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені атап өтілді.Коалиция мүшесі Сыдықбаев Берік Ұйқасұлы бұл норманың маңызын кеңінен түсіндірді.«Жер – бұл жай экономикалық ресурс емес, ұлттық байлық. Жаңа редакцияда табиғи ресурстардың халыққа тиесілі екені нақты бекітіледі. Бұл – стратегиялық маңызы бар норма. Ол жер мен байлықтың ел мүддесіне қызмет етуін конституциялық деңгейде айқындайды. Ауыл тұрғындары үшін бұл – жер қатынастарының құқықтық негізінің айқын әрі әділетті болуына кепілдік», – деді ол.Тұрғындар кездесуге белсенді қатысып, өз ұсыныстарын білдірді.



