2026 жыл Қазақстанда цифрландыру мен жасанды интеллектті дамытуға ерекше мән берілетін кезең болмақ. Мемлекет басшысының бастамасымен бұл жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланып, соған сәйкес Алматы облысында 50 іс-шараны қамтитын арнайы жоспар әзірленді. Бұл туралы баспасөз мәслихатында облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Жандос Ақыл мәлімдеді. Өңірде республика бойынша алғашқылардың бірі болып Qonaev AI өңірлік жасанды интеллект жүйесі әзірленді. Аталған жүйе облыстық әкімдік пен басқармалардағы деректерді бір орталыққа біріктіріп, сол ақпарат негізінде талдамалық шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде басқару процесінің тиімділігі артып, деректерге негізделген нақты шешімдер қабылдауға жағдай жасалады.Қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында облыс аумағында екі мыңнан астам бейнебақылау камерасы жасанды интеллект функцияларымен жабдықталған. Мұндай технологиялар құқық қорғау органдарының жұмысын жеңілдетіп, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.Цифрлық технологиялар медицина саласында да кеңінен қолданылуда. Облыста жұмыс істейтін PACS жүйесі рентген, компьютерлік томография, магниттік-резонанстық томография және маммография суреттерін жасанды интеллект көмегімен талдайды. Жүйе медициналық кескіндерден көзге бірден байқала бермейтін өзгерістерді анықтап, өз кезегінде диагноз қоюдың дәлдігін арттырып, дәрігерлердің жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді.«Мемлекет басшысының жолдауында жасанды интеллектті орман шаруашылығына енгізу мәселесі де ерекше аталған болатын. Осы бағытта облыста орман өрттерін ерте кезеңде анықтау жобасы жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта анықталған 18 нүктеге арнайы камералар орнатылып жатыр»,-дейді Жандос Ақыл.Өңірде цифрлық білім беру инфрақұрылымын дамыту да басты назарда. Жақын уақытта жалпы ауданы 2500 шаршы метрді құрайтын Tomorrow School және TUMO Center білім беру кеңістіктерін ашу жоспарлануда. Tomorrow School студенттердің IT саласындағы дағдыларын дамытуға бағытталған бірегей білім беру орталығы болмақ. Мұнда жасанды интеллектті оқыту нақты жобалармен жұмыс істеу, тәжірибе жинау және командалық өзара әрекет арқылы жүзеге асырылады.Ал TUMO Center 12–18 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған заманауи білім беру алаңы болады. Орталықта бағдарламалау, робототехника, графикалық дизайн, анимация және жасанды интеллект бағыттары бойынша тегін білім алу мүмкіндігі ұсынылады. Бұл жастардың цифрлық сауаттылығын арттырып, болашақ IT мамандарын даярлауға ықпал етеді.Спикердің айтуынша, Қонаев қаласы әкімдігімен бірлесіп «ақылды» аялдамаларды іске қосу жобасы қарастырылуда. Бұл аялдамалар тұрғындарға қолайлы цифрлық сервистерді ұсынатын болады. Бұдан бөлек, Нарынқол ауылындағы пилоттық тәжірибе негізінде Freedom компаниясының тегін Wi-Fi желісін орнату жоспарланып отыр. Бұл бастама шалғай елді мекендердің интернетке қолжетімділігін арттыруға бағытталған.



