-0.2 C
Нарынкол
spot_img
ДомойЖаңалықтар | НовостиАлматы облысы: Заңсыз онлайн-казино қызметінен 427 млн теңге мемлекетке өндірілді

Алматы облысы: Заңсыз онлайн-казино қызметінен 427 млн теңге мемлекетке өндірілді

2025 жыл Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті үшін нәтижелі кезең болды. Өңірдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлеңкелі схемалардың жолын кесу, заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылды. Бұл туралы депаратмент басшысы Әлібек Төлепбергенов баспасөз мәслихатында айтты. Көмек көрсетемін деп қарашаны қаймықпастан алдап түсірген арнайы топ құрықталды. Ең сорақысы олар халыққа қызмет көрсету орталығында ұйымдасқан қылмыстық схема құрған. Қызметкерлерден құралған топ жалған құжаттар арқылы 851 автокөлікті заңсыз тіркеген. Нәтижесінде мемлекетке 6,6 млрд теңге көлемінде залал келтірілген. Тергеу аясында жалпы құны 15,8 млрд теңге болатын автокөліктерге тыйым салынып, 1 млрд теңгеден астам міндетті төлемдердің өндіріп алынуына қол жеткізілді. Сонымен қатар күдіктілердің 138 млн теңге көлеміндегі мүлкі бұғатталды. Бұл – активтерді анықтау және нақты өтемақы өндіру қағидатының іс жүзіндегі нәтижесі.«Өңір тұрғындарына тікелей әсер еткен қаржы пирамидалары бойынша да тергеу аяқталды. «AMANAT HOME» және «Аманат Драйв» жобаларына 12 мың салымшы қаражат салған, жалпы залал 34 млрд теңгені құрады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 19,2 млрд теңгенің мүлкіне тыйым салынып, жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеудің нақты мүмкіндігі қалыптастырылды»-дейді Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Әлібек Есенайұлы.Рұқсат құжаттарынсыз төрт тұрғын үй кешенін салу үшін 100-ден астам азаматтан 950 млн теңге тартқан құрылыс компаниясының заңсыз әрекеттері де әшкереленді. Нысандар уақытында пайдалануға берілмеген. Тергеу барысында 12 жер учаскесіне, 9 автокөлікке, әкімшілік ғимаратқа және жеке тұрғын үйге тыйым салынды. Сот үкімімен компания басшылығы ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды.Спикердің айтуынша, жалған құжаттар арқылы 474 млн теңге көлемінде субсидия алу фактісі анықталды. Тергеу барысында қосымша 2,6 млрд теңгеге қатысты 14 эпизод белгілі болды. Қылмыстық жолмен алынған қаражат жылжымайтын мүлік сатып алуға, автокөліктерге, бағалы қағаздарға және өзге де операцияларға жұмсалған. Қазіргі уақытта іс сотта қаралуда.Экономикалық қылмыстың жаңа түрлеріне қарсы күрес те жалғасты. 15,3 млн USDT көлемінде заңсыз табыс тапқан криптоайырбастау пунктінің қызметі тоқтатылып, автокөліктер мен криптовалюта анықталды. Сондай-ақ заңсыз онлайн-казино қызметінен алынған 427 млн теңге мемлекет кірісіне өндірілді. Жасырын ойын залдары жойылып, контрафактілік алкоголь мен темекі өнімдерінің ірі партиялары тәркіленді.

Жаңалықтар