Алматы облысы ел экономикасындағы жетекші өңірлердің біріне айналып отыр. Бұл туралы облыстың кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында еліміздің экономикалық даму бағытын айқындап, өңдеу өнеркәсібін алдыңғы шепке шығару міндетін қойған. Бұл – жаһандық бәсекеге қабілетті болудың бірден-бір жолы.– «Президентіміз экономиканы әртараптандыру, шикізатқа тәуелділікті төмендету және қосылған құны жоғары өнім шығаруға көшу қажеттігін нақты атап өтті. Бұл бағытта Алматы облысы ауқымды нәтижелерге қол жеткізуде», – деді басқарма басшысының орынбасары. Бүгінгі таңда облыс өнеркәсібінің 90 пайызын өңдеу саласы құрайды. Бұл – республика бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Өңірде 1700-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді, оларда 56 мыңнан астам адам еңбек етеді. 2025 жылдың алғашқы жеті айында өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 1,2 трлн теңгеге жетіп, 6,6 пайыздық өсім тіркелген. Атап айтқанда, «FoodMaster», «ADAL», «RG Brands», «Coca-Cola», «JTI», «Philip Morris», «Knauf Gips Kapshagay» сияқты ірі кәсіпорындар өңірдің индустриялық дамуына айтарлықтай үлес қосуда. Өңір экономикасындағы оң серпін тікелей инвестициялық саясаттың нәтижесі екені сөзсіз. Соңғы үш жыл ішінде Алматы облысына негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 2 трлн 369 млрд теңгені құрап, 60 пайыздық өсімге қол жеткізілді. Ал шетелдік тікелей инвестициялар көлемі 1,8 млрд АҚШ долларынан асты. Биыл бұл көрсеткішті 532 млн долларға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Облыс аумағында жүзеге асырылған ірі жобалар қатарында: KT&G (Корея),«TechnoNICOL»,«Шин-Лайн», «ТК Газоблок»,«Жетісу Вольфрамы», «КегенМясПром», «LC Waikiki», «Galanz Bottlers» секілді кәсіпорындар бар. Бүгінде жалпы құны 7,9 трлн теңгені құрайтын, 84 мың жаңа жұмыс орнын қамтитын 216 инвестициялық жоба іске асырылуда.– «Біздің басты мақсатымыз – облыстың экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану, жаңа жобалар мен озық технологияларды енгізу арқылы халықтың өмір сүру сапасын арттыру. Бұл бағытта жүйелі жұмыс пен инвесторлармен сенімді әріптестік аса маңызды», – деп түйіндеді сөзін басқарма басшысының орынбасары.