
Алматы қаласында мемлекеттік органдар, ірі бизнес өкілдері мен халықаралық корпорациялар қатысқан QAZAQ INVEST FORUM 2025 халықаралық инвестициялық форумы өтті. Форумның негізгі назарында – өңірлерді дамыту мәселесі, әсіресе Алматы облысының стратегиялық бастамалары болды.
Форум аясында Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев өңірдің флагмандық жобасы – Алатау жаңа қаласының құрылысын таныстырды. Бұл жоба Қытай, ЕАЭО және Еуропа нарығына тікелей шығатын болашақ инвестициялық хаб ретінде қарастырылуда. – Алатау қаласында Шэньчжэнь үлгісінде арнайы экономикалық аймақ құрылған. Біз инвесторларға дайын инфрақұрылым, салықтық және әкімшілік жеңілдіктер, сондай-ақ халықаралық нарықтарға тікелей қолжетімділік ұсынамыз, – деді Исатаев.
Оның айтуынша, биылғы жылдың соңына дейін Алатауда екі ірі жоба жүзеге асырылады. Олар – индустриялық парктің екінші кезеңін іске қосу (жаңа 20 мың шаршы метр қойма алаңдары, инвестиция көлемі – 10 млрд теңге) және 73,3 млрд теңге көлеміндегі көлік-логистика орталығын салу.
Алматы облысы инвестиция тарту жөніндегі ұлттық стратегияға белсенді түрде қатысуда. Форум барысында 5,25 трлн теңге (10 млрд АҚШ доллары) капиталы бар Kazakh-Asia Investment Fund инвестициялық қорының іске қосылатыны жарияланды. Қор қаражаты орнықты әрі «жасыл» жобаларға бағытталады.
Форум аясында Алматы облысының қатысуымен екі меморандумға қол қойылды:
- Алматы облысы әкімдігі мен «Азия Минерал Групп» ЖШС арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум
- Алматы облысы әкімдігі мен «SUNNY PAPER» ЖШС арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум
Бұл келісімдер халықаралық бизнестің экологиялық таза технологияларға, қалдықтарды қайта өңдеуге және өңірдің өндірістік әлеуетін дамытуға деген қызығушылығын көрсетеді.
– Алматы облысы трансұлттық капитал үшін тартымды орталыққа айналып келеді. Біз бизнеспен ынтымақтастыққа дайынбыз және жоғары инвестициялық қайтарымы бар нақты жобаларды ұсынамыз, – деді Исатаев.
Айта кетейік, форум аясында жалпы құны 224,7 млрд теңгеден асатын инвестициялық келісімдерге қол қойылды. Олардың қатарында күн панельдерін шығару, тетрапак қалдықтарын өңдеу, электромобильдерге арналған тежеу жүйелерін өндіру және басқа да жобалар бар.
Форум Қазақстан мен Қытай арасында биыл маусымда қол қойылған стратегиялық келісімдер аясында өтті. Құжат инвестиция, инфрақұрылым, экология және капиталды қорғау бағыттарындағы ынтымақтастықты тереңдетуді көздейді.
QAZAQ INVEST FORUM 2025 Қазақстан өңірлері, ең алдымен Алматы облысы, елдің жаңа инвестициялық экожүйесін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын тағы бір мәрте дәлелдеді.