Жазғы демалыс маусымында Алматы облысында су айдындары мен көпқабатты тұрғын үйлердегі қауіпсіздік шаралары басты назарда. Бұл туралы Алматы облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында Алматы облысы Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Самат Кенжехан және Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасы бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау капитаны Қырғыз Ерназар мәлімдеді. 2025 жылғы шомылу маусымында суға бату оқиғаларының алдын алу мақсатында кешенді іс-шаралар жұргізілуде. Жыл басынан бері 9 адам суға бату дерегі тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,79 пайызға аз. Су айдындарында қауіпсіздік күшейтіліп 103 рұқсат етілген жағажай анықталып, қауіпті 87 учаскеге 200-ден астам қауіпсіздік белгісі орнатылды. Құтқарушылар мен волонтерлер күнделікті рейд жүргізіп жатыр», – деді Самат Кенжехан. Сонымен қатар, Қапшағай су қоймасында қауіпсіздікті қашықтықтан бақылауға арналған мониторинг жүйесі орнатылғанын, жедел әрекет ету үшін 31 жүзу құралы мен 45 сүңгуір жабдығы дайындалғанын жеткізді.Жыл басынан бері ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша 93 азамат жауапқа тартылып, 1 млн 418 мың теңгеден астам айыппұл салынған. Соңғы уақытта балалардың терезеден құлау фактісі жиіленуде. Жазатайым оқиғаларды алдын-алу мақсатында тұрғын үйлерді жобалау кезінде терезе қауіпсіздігін ескеру, ПИК және МИБ жұмысына бақылауды күшейту, ата-аналармен кең көлемде түсіндіру жұмысын жүргізу қажет. Қонаев қаласында – 2, Қарасай ауданында – 1 бала биіктен құлап, ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген. «Қауіпсіздікті арттыру мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, “Қауіпсіз терезе” акциясы аясында жоғары қабатта пәтері бар көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың терезелеріне арнайы бекітпелер орнатылып жатыр.», – деді Қырғыз Ерназар. «Қауіпсіздік – бұл тек құтқару қызметінің емес, әр азаматтың, әр отбасының жауапкершілігі. Әсіресе, балалардың өмірі мен денсаулығы үшін ата-аналар барынша мұқият болуы тиіс».