ДомойЖаңалықтар | НовостиҒасыр жасаған әже, 18 жастағы сайлаушы мен кезекте тұрған әкім: Алматы облысында...

Ғасыр жасаған әже, 18 жастағы сайлаушы мен кезекте тұрған әкім: Алматы облысында мәслихат сайлауы қалай өтіп жатыр?

Алматы облысында мәслихат депутаттарын сайлау науқаны қызу жалғасып жатыр. Таң сәріден өңір тұрғындары елдің қоғамдық-саяси өміріне бейжай қарамай, өз таңдауын жасауға асығуда.

Сайлау учаскелеріндегі ұзын-сонар кезек арасынан әртүрлі буын өкілін кездестіруге болады. Жастар, орта жастағы азаматтар, аға буын өкілдері мен қарттар азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетіп, белсенділік танытуда.

Мәселен, Райымбек ауданында 103 жасқа толған әже Раушан Нұрахынова үйден дауыс берді. Ғасыр құрдасының бұл әрекеті азаматтық белсенділіктің жаспен шектелмейтінін аңғартты.

Іле ауданында 18 жастағы жас азамат, 2-курс студенті Мерей Жәнібек алғаш рет саяси науқанға қатысты. Осы айтулы сәтке орай жас сайлаушыға Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы тарту етілді.

Жамбыл ауданында биыл 180 жылдық мерейтойы аталып өткен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың ұрпағы алғашқылардың бірі болып сайлау учаскесінен көрінді.

Ел намысын қорғап жүрген спортшылар саяси науқанға белсенді қатысып жатыр. Олардың қатарында бокстан Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасының мүшесі, халықаралық және республикалық жарыстардың жүлдегері Ертуған Зейнуллинов болды. Спортшы Қарасай ауданындағы сайлау учаскелерінің бірінде азаматтық міндетін орындады.

Қонаев қаласында Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов те халықпен бірге кезекке тұрып, өз таңдауын жасады.

Алматы облысының орталығында қоғамдық көліктер тегін жүріп, тұрғындардың сайлау учаскесіне баруын жеңілдетуде.

Ерекше қажеттіліктері бар азаматтар да саяси науқаннан қалыс қалған жоқ. Оларға қолайлы жағдай жасау үшін учаскелерде арнайы дауыс беру кабинасы қойылып, көру және есту қабілеті бұзылған жандарға арналған құрылғылар орнатылды. Өңірде бұл санатқа жататын 2 318 азамат бар.

Айта кетейік, Алматы облысындағы учаскелік сайлау комиссиялары штаттық режимде жұмыс істеуде. Өңірде дауыс беру талапқа сай ұйымдастырылып, барлық қажетті жағдай жасалған.

Жаңалықтар