Жұмысшы мамандықтары — еліміздің өрлеу жолындағы маңызды еңбек күші. Осы маңыздылықты ескерген, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылды “жұмысшы мамандықтар жылы” деп жариялады. Ауданымызда қарапайым еңбегімен үлгілі өмір өрнегін көрсетіп жүрген жандар жетерлік.
Нарынқол ауылының техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығының ұлағатты ұстаздары Уалибаев Мағауия Оқанұлы мен жары Шалатаева Гүлзейнеп Қожабекқызы аталмыш орталық ашылған сәттен бастап, күні бүгінгі күнге дейін шәкірттерді кәсіби біліммен сусындатып, 40 жылға жуық уақыт қажырлы еңбек етіп келеді. Туған жерге туын тігіп, аудан жастарының игілігіне қызмет етіп жүрген Мағауия Оқанұлы 1960 жылы Нарынқол ауылында туылған. Орта мектепті аяқтаған соң, Жамбыл қаласындағы Жамбыл технологиялық тамақ және жеңілөнеркәсіп институтына оқуға түсіп, жоғарғы оқу орнын 1984 жылы аяқтаған. Институт түлегі алғашқы еңбек жолын арнайы жолдамамен Алматы қаласындағы 47-ші техникалық училищеде шебер қызметімен бастаған. 1986 жылы туған өлкесі- Нарынқол ауылына оралып, Нарынқол аудандық тұрмыстық қажеттіліктерді өтеу комбинатына технолог маман болып жұмысқа қабылданған. Нарынқол мектепаралық оқу-өндірістік комбинаты да дәл осы жылы ашылған екен. Тиісінше, жаңа ашылған мекеме жас мамандарға зәру. Мағауия ағамыз 1986 жылы жаңа ашылған оқу ордасына жұмысқа орналасты. Тағдыры оқу-өндірістік оқу орнымен біте қайнасқан Мағауия ағамыз аталған оқу орнының тағылымды тарихынан сыр шертті. Өткен күндердің ыстық естеліктерін еске алды. Ілгері уақыттарда, ел көлемінде оқу-өндірістік комбинаттары жабылып қалғаны тарихтан мәлім. Осындай сын сағаттарда Нарынқол ауданының оқу-өндірістік оқу ордасы жабылудан аман қалды. Мағауия Оқанұлы білім ордасын сақтап қалуда, сол кездегі аудандық білім бөлімі басшысы Нұрбатыр Орынбаевтың еңбегі ерен деп санайды. Жұмысшы мамандықтарын дайындау бағытында дәл осындай сипаттағы оқу орындары елімізге ауадай қажет еді, бұл қажеттілік бүгінгі күні де аса өзекті.
Мағауия Оқанұлының айтуынша, бүгінгі күні жеңілөнеркәсіп саласы ерекше көңіл бөлуді талап етеді. Мағауия ағамыз студент шағындағы еліміздегі жеңілөнеркәсіп зауыттарының қызу жұмыс барысын сөз етті. Аяқ киім өңдеу зауыттарындағы жұмыс қарқындылығы жайлы әңгіме қозғап, аталған зауыттардың қаншама адамды жұмыспен қамтығанын, тілге тиек ете отырып, бүгінгі күні жеңілөнеркәсіп саласының Кеңес дәуіріне қарағанда бірталай кенжелеп қалғанын күйіне жеткізді. Бүгінгі күні елімізде тері өңдеу кәсіпорындары саусақпен санарлық, олардың кейбірі жұмысын тоқтатқан болуы да ғажап емес. Отандық кәсіпорындарды шикізатпен қаматамсыз ету бағытында, алысқа бармай-ақ, аудан тұрғындарының белсенділігі белгілі. Сойылған малдың терісін өртеу немесе күл-қоқысқа тастау әдетке айналған.
Он саусағынан өнер тамған Гүлзейнеп Қожабекқызы Шымкент өңірінің тумасы. Жеңілөнеркәсіп саласын меңгеруді мақсат еткен екі жас Жамбыл қаласындағы университет қабырғасында танысып, 1984 жылы отау құрады. Балалалық шағынан қолөнер бұйымдарын жасауға деген әуестігі Гүлзейнеп ұстаздың өмірлік таңдауына, мерейлі мамандығына айналған. Бүгінде шығармашылық орталығы атауына ие болған мекемеге барып, қос ұстаздың жұмыс орнымен, қолөнер туындыларымен танысып қайттық. Көз тұндырар көркем бұйымдарға таңғалыса қарадық. Гүлзейнеп Қожабекқызының нәзік қолдарынан шыққан қайталанбас туындыларға қарап, нағыз еңбектің, төзімділіктің, мұқияттылықтың иісін сездік.
Ері мен зайыбының бір салада қызмет етуі- үлкен үйлесімділіктің белгісі. Қос ұстаз алдарына келген шәкірттер алдындағы жауапкершілігін ешқашан ұмытпаған. Шәкірт тәрбиесінде, отбасыларындағы перзент тәрбиесіндегі негізгі ұстанымдарын сұрағанымызда, жауаптары жан сүйсіндірді. Мағауия Оқанұлы бала тәрбиесіндегі басты негізге алатыным- ұлттық құндылықтарымыз, деп қуантты.
Өткен мен бүгіннің куәгерлеріне айналған ерлі-зайыптылардың адалдық пен таза маңдай терге негізделген еңбек жолдарын қысқаша баяндадық. Еңбек адамы атану – адам баласының өмірдегі ең басты ұтысы.
Жүніс Балауса Қайратқызы,
Қостанай Өңірлік Университетінің 4 курс студенті