Аиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған жері қасиетті қара өлеңнің киелі мекені Қарасаз ауылында еліміздің игі жақсы ақын-жазушыларының басын қосып, жалынды жырмен тербейтін, “Поэзия патшалығында” атты ғибратты әдеби жоба ұйымдастырылып, әр кеште елімізге еңбегі сіңген, поэзия, әдебиет әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар біртуар тұлғалармен кездесу өткізіліп келеді. Осынау поэзияның көрнекті өкілдерінің бірі, айтыскер ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері- Айтақын Бұлғақов Әдеби жобаның кезекті қонағы болып, ақын мен өнерсүйер қауым арасындағы көптен кұткен, ерекше жылулық пен көркем әңгімеге толы кездесу болып өтті.
Айтақын Бұлғақов десе, көз алдымызға бірден айтыс алаңындағы от ауызды, орақ тілді сөз жүйрігінің айбарлы, отты жанары келеді. Бүгінде Қарасаз ауылындағы осынау ғибратты кеште адуынды ақынның өзімен жүздесіп, өнегелі әңгімесін тыңдау бұйырыпты.
Айтақын ағамыз 1960 жылы Талдықорған облысы Панфилов ауданы Үшарал ауылында дүниеге келген. Жасынан ақындық қабілетімен ерекшеленіп, 15 жасында алғаш айтыс алаңында қыз бен жігіт айтысында Жайлаухан Тышқанбаева есімді қызбен сынға түскен. Ақын жасөспірім шағындағы алғаш айтысқа қатысуына ықпал еткен ұстаздары Әбікен Сарыбаев пен Әсет Керімбаевты ерекше құрмет тұтады.
Ақынның әкесі бұл дүниеден ерте өткен екен. Айтақын ағамыздың өміржолын тыңдай отырып, өмірдің ащысы мен тұщысын ерте тартып, сауыншы болған анасының қолғанаты болып, еңбекпен шыңдалған, балалық шағы таза қажырлы еңбекке жегілген қайсар Айтақын бейнесі көз алдымызға келді. Баласының талантын байқаған анасы басқа дүниеге ұмтылмаса да, ұлының қабілетін қанаттандырып, бала ақынның алғашқы домбырасын алып берді. Ана жүрегі қанатының астындағы болашақ сөз жүйрігін, қасиетті қара сөз шеберін сезсе керекті…
Айтақын ағамыз өзінің өнегелі өмір жолын ерекше байыппен, кемеңгерлікпен әңгімелеп, отырғандарды ерекше ұйыта білді. Айтақын Бұлғақовты қазақ айтысындағы өзіндік қолтаңбасы бар дара ақын деуге толық негіз бар, айтыс әлемінде 300 ге жуық айтысқа қатысып, жүлделі орындарға ие болып, өз қабілетін таныта білді. Бүгінде асқаралы алпыс алты жастағы ақынды күллі қазақ халқы мойындап, айтыстың адуынды ақыны ретінде жақсы таниды. Ақынның кездесу барысындағы сабырлы кейпі жан сүйсіндіреді, дегенмен, сахнадағы, айтыс алаңындағы ақын бейнесі тым бөлек. Кезінде атам мен әжеме қосылып алып, мәнін толық ұғынбасам да, айтысты жиі көретін едім, сонда Айтақын Бұлғақовқа атам мен әжем ерекше жанкүйер еді, себебі, оның айтыстағы өз-өзін ұстауы экран артындағы көрерменнің өзінің делебесін қоздырып, бойға ерекше қуат беретіндей еді, әлі есімде, атамның өзі теледидардың ар жағында отырып алып, құдды бір жүйрігі бәйгеге шапқандай тақымын қысып отыратын. Ақынның айтыстағы осы образын әріптесі, айтыскер ақын Бөрібай Оразымбет былай сипататйды:”Айтақын сахнаға шыққан кезде бөлек, арқасы қозып кете ме, қазақшалап айтқанда, Айтақында әруақ бар” деп ақынның айтыстағы келбетін айшықтай түседі. Бұл бойдағы тасыған өнердің, сөз құдіретінің қуаты болса керек. Біздің алдығы буын өкілдері Айтақын Бұлғақовты айтыстың біртуар ақыны деп жақын таныса, біздер, ақынның ұлы, Жандарбек Бұлғақовтың отты жырларымен сусындап өстік. Айтыс алаңындағы Жандарбек ағаға тамсанып, өнерін үлгі тұттық.
Ақын жайлы сыр шертіліп, өнердің қасиеті қадірленген кездесуді айтыскер ақын Айбек Ережеп тізгіндеді. Бұл “Поэзия патшалығының ” қалыптасқан дәстүрі, Айбек ағамыз келген әрбір кейіпкердің келбетін ашып, салиқалы әңгіме өрбітуге әбден машықталған. Сонымен қатар, тағылымды кездесуге Алматы облысының музейлер бірлестігінің директоры Талғат Келимбетов, Қарасаз ауылының әкімі Ұлан Сәрсенбаев, өз кезегінде ерекше абыройға ие, ақын-жазушылардан Сәлім Жусанбаев, Шеризат Мекебаев, Әбдіш Сұлтанаев, Ержан Тоқтарұлы сынды азаматтар мен жастар, мектеп оқушылары мен мұғалімдер қатысты.
Талғат Келимбетов кездесудің шымылдығын құттықтау сөзімен ашып, Айтақын Бұлғақовтың қасиетті қара өлең мекеніне келіп, кездесуге келіскеніне ұлкен ықыласын білдірді.
Поэзия патшалығында- Айтақын Бұлғақов

